Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық азамат Ниццадағы қанды оқиғадан қалай аман қалғанын айтып берді

Қазақстандық Мейрам Қазиев Ниццадағы қанды оқиғаға тап бола жаздаған.

20160717190623

Сурет: inform.kz

«Тағдыр. Шілде айының басында отбасымызбен Ниццаға және Парижге барып қайтамыз деп шештік. Астана – Париж – Астана рейсіне билетке тапсырыс беріп қойдық, енді Париж-Ницца бағытына билет іздей бастадық. Алайда біздің астанамыздан Парижге ұшақ жергілікті уақытпен 18:00-де келіп қонады, ал Ниццаға соңғы рейс 19:00-де екен. Қалайда үлгермейтін болдық. Уақыт жоғалтпас үшін Парижде бірнеше күн болып, одан кейін Ниццаға ұшамыз деп шештік.

Сонымен, 13 шілде, сәрсенбі күні Шарль де Голь әуежайына келіп қондық. Қонақ үйге орналастық, көшелер мен музейлерді араладық, бәрі тамаша өтіп жатты. 15 шілде, жұма күні таң сәріде (уақыт айырмашылығы 4 сағат) павлодарлық таныс жолдасымның қоңырауы шырт ұйқыдан оятты: «Амансыңдар ма? Қайдасыңдар?». Әуелде түсінбей қалдым. Ал, ол болса: «Теледидарды қос», – дейді. Бұл кезде көгілдір экраннан барлық арналар Ниццадағы теракт туралы хабар таратып жатқан болатын.

Дәл осы уақытта біз сол жерде болуымыз керек еді. Тіпті, Ағылшын жағалауындағы қонақ үйден бөлме де алып қойғанбыз. Тек кейін кешкі рейстің болмауынан бұл сапарды екі-үш күнге кері шегерген едік. Шынында, біз де осы отшашуға барар едік қой. Осыдан соң қалай тағдырға сенбейсің? Алдағы күндері бәрібір Ниццаға ұшқалы отырмын. Қайғылы оқиға орнына барамын, жазықсыз қаза тапқандардың құрметіне гүл шоқтарын қоямын. Себебі, ол жерде мен және менің отбасым да болуы мүмкін еді. Бір түрлі мұң басады еңсеңді…», – деп жазды Қазиев өзінің Facebook парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілде күні түнде Бастилия қамалының алынуы мерекесіне орай ұйымдастырылған отшашудан соң Ницца қаласының Ағылшын жағалауында жиналған жұртты жүк көлігін мінген лаңкес таптап өткен еді. Оқиға салдарынан 84 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған болатын.

Айта кетейік, Францияның Ницца қаласында жойқын теракт жасалды. Ниццадағы лаңкестіктің куәсі болған қандасымыз басынан кешкенін баяндап берген. Қанды оқиғада Қазақстанның 4 азаматы қаза тапты.

Талқылау