Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қандай діни әдебиеттерге тыйым салынған

Қазақстанда тыйым салынған және экстремистік деп танылған әдебиеттер тізімінде 1105 материал қосылған. Олардың қатарында түрлі кітаптар, брошюралар мен аудиожазбалар, видео мен желідегі парақшалар бар. Тізімге енген материалдар дәстүрлі конфессиялар жайлы ақпаратты бұрмалап, азаматтарға теріс ағымды насихаттайды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы тыйым салынған әдебиеттерді қалай ажыратуға және тексерілген материалдарды қайдан алуға болатынын түсіндірді. 

кітап

Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет аталмыш тізімді 2022 жылдың тамызында жаңартқан. Тізімдегі діни шығармаларды басып, таратқан азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сәйкес жауапқа тартылып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

Қолданыстағы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға сәйкес ғибадат ету орындары мен діни білім беру орындарында, сонымен қатар арнайы белгіленген үй-жайларда діни сипаттағы әдебиеттерді сақтау, тарату және сатуға рұқсат берілген. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың өзінде әлеуметтік желіде 180 мыңнан аса экстремистік сипаттағы материалдар өшірілген. Соның ішінде 324 материал бұғатталған. 2020 жылмен салыстырғанда өшірілген және бұғатталған контент саны 8 есеге өсіпті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі мен ғаламтор теріс ағымды насихаттап, азаматтардың санасын улауға арналған негізгі алаңға айналды. Философия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Жанна Қаңтарбаевның сөзінше, діни сипаттағы мәліметтер тек кітап түрінде ғана тарамайды. Аудиожазбалар мен көшеде таратылатын брошюралар да теріс діни мазмұнда болуы әбден мүмкін.

"Кез келген деструктивті ағым өз идеологиясын түрлі әдебиеттер арқылы таратып, насихат жүргізуге тырысады. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң бойынша діни атрибутикаларды емін-еркін таратуға ешкімнің хақысы жоқ. Ал діни сипаттағы шығарма тарату миссионерлік қызмет болып табылады. Сәйкесінше заңға сәйкес жауапқа тартылады", – деді маман. 

Жанна Қаңтарбаева қазіргі таңда түрлі діни шығармаларды ұмытып кеткен сыңай танытып адамдар көп жүретін орынға қалдыру тенденцияға айналған дейді. Мұнда түрлі сайттар, байланыс нөмірлері мен мекенжай да көрсетіледі екен. Дегенмен басым бөлігі тек сайт арқылы жұмыс істейді.

"Осы тектес парақтар мен шағын брошюраларды саябақтарда, жылдам тамақтану орындарында, кинотеатрларда байқауға болады. Деструктивті ағым өкілдері "Буккроссингті" де өз пайдаларына асырады. Бір-бірімен кітап алмасу кезінде діни әдебиетті беріп жібереді. Дегенмен бұл Қазақстанда діни әдебиетті сатып алуға тыйым салынған дегенді білдірмейді. Жоғарыда аталған заңға сәйкес арнайы орындарда ғана сатып алуға рұқсат етілген", – деп қосты ол. 

Дінтанушының сөзінше, діни шығарма сатылымға шықпай тұрып сараптамадан өтеді. Тек осыдан кейін ғана арнайы дүкен сөрелері мен ғибадат ету орындарына жіберіледі. Сондықтан азаматтарды кез келген орыннан діни әдебиет сатып алмауға шақырды.

"Діни білімі жоқ адамдар экстремистік шығармаларды ажырата алмай қалады. Егер мәтін арасында "Джихадқа", "Ислам халифатын құруға" ашық шақырып тұрса, мұндай кітаптан аулақ болу керек. Әйткенмен, көп жағдайда экстремистік идеология ашық насихатталмайды, астармен жасырын беріледі. Осы тұста сізге сыни ойлау көмектеседі. Алдымен "Бұл кітап маған қандай жолмен келді?", -  деген сауалды қойыңыз. Егер бөгде біреу көшеде қолыңызға ұстатып кетсе немесе тауып алсаңыз, бұл сізде бірден күдік тудыруы керек", – дейді Жанна Қаңтарбаева. 

Маман рұқсат етілген және тыйым салынған әдебиеттердің тізімі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен прокуратураның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында жарияланатынын қосып өтті. 

"Кітапты сатып алу кезінде мұқабасына назар аудару керек. Мұнда ҚМДБ-ның үш бұрышты мөрі болады. Бұдан бөлек кітапта басып шығарған ұйым немесе мекеменің толық атауы және өзге де мәліметтері көрсетілуі керек. Сонымен қатар мешіт немесе шіркеу аумағында орналасқан дүкендерден сатып алған жөн", – деп түйіндеді маман. 

Айта кетейік, тыйым салынған діни әдебиеттер тізімін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінінің ресми сайтынан көре аласыз. 

Талқылау