“Қазақ жігіттерінен мықты емес”: Байсемізова шетелдікке тұрмысқа шығудың кемшілігін атады (фото)

Украин азаматына тұрмысқа шыққан Жанар Байсемізова шетелдікке тұрмысқа шығудың кемшілігі мен артықшылығын атады. Танымал журналист күйеуімен арадағы түсініспеушіліктерді қалай шешіп жүргенін әңгімеледі. Stan.kz тілшісіне ағынан жарылып сұхбат берген ол өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, оң босағада отырып қалған қыздарға кеңесін берді.

– Тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға арналған посттарды көп жазасыз. Тұрмысқа шығу үшін олар қалай әрекет ету керек?

– Негізі көпшілік әрекет ету дегенді жаңсақ түсініп жатады. Мәселен, мейрамхана жағалап, жігіттердің көздеріне түсу, бірінші болып хат жазу, тағысын тағы. Әрекет деген ол емес. Өзім де мұны кештеу түсіндім. Бірақ түсінгеніме тәуба деймін. Алдымен, бойыңда жылдар бойы жиналған негативтен тазалану, рухани тазару керек. «Неліктен күйеуге шықпай жатырмын?» деп емес, «мен өзіме лайықты жар табу үшін не істеуім қажет?» деп ойлау керек. Яғни, дұрыс сұрақ қоя білуің қажет. Өзгеден емес, өзіңнен сұрау керек. «Демек, мен бұдан қандай да бір сабақ алуым керек, бойымдағы қандай да бір жаман әдеттен арылып, жаман қасиетті түзеуім қажет. Осы арқылы маған бір тәжірибе келуде» деген конструктивті ойлар болуы керек.

Қыздардың тұрмысқа шықпауы – біздің қоғам үшін трагедия. Енді әркімнің әр түрлі себептері болады. Жалпы, жан дүниенің энергиясы аз болса, өз адамын кездестіру өте қиын болады екен. Сондықтан аруларға энергияны жинақтауды үйрену керек. Көңіліңізге ұнамайтын, өзіңіз уақытша медет көріп жүрген немесе сізді ермек қылып жүрген жігіттерден аулақ болыңыз. Жан-жағыңызға елеңдеп, әр жігітті ұстап қалуға тырыспаңыз. Өз өзіңізге «аштық» жариялаңыз. Пайдасыз байланыстарды үзіңіз. Өз-өзіңізбен болыңыз. Алла жалғыздықты беру арқылы бізді сынайды. Сол кезде сынақтан абыроймен өту керек. Бақытты сырттан іздемеңіз. Өз бетіңізше бақытты болуға ұмтылыңыз. Өзі бақытты адам ғана біреуді бақытты ете алады. Жаман ойлармен өзіңізді жемей, өз-өзіңізге іштей де, сырттай да күтім жасаңыз. Стиліңізді өзгертіңіз, мәдениетті сөйлеп, қызға тән қылық көрсетіп үйреніңіз. Сосын дұға оқу керек. Сырттан біреуді іздеп, көше кезудің қажеті жоқ. Алла маңдайға жазса, кездесуді Өзі ұйымдастырады.

– Жолдасыңыздың шетелдік азамат екенін білеміз. Ол кісімен қалай табыстыңыздар? Таңдауыңызды ата-анаңыз қалай қабылдады?

Мен, жалпы, шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуды насиаттаудан аулақпын. Шетел жігіттері қазақтың жігіттерінен мықтырақ деп айтудан мүлдем алшақпын. Әркімнің өз тағдыры бар. Бастысы, әр қыз өзі қалаған ер адамын, өз адамын кездестірсе деп тілеулестік білдіремін. Мұстафа Шоқай айтпақшы, «жаман мемлекет жоқ, жаман адамдар бар». Мұнымен шетелдік адамдарға тұрмысқа шығу керемет дегенім емес. Және мен өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып, өз тілімді, ділімді, мәдениетімді ұмытып кеткен жоқпын, керісінше.  Алдымен, осылай сөздің басын ашып алғым келеді.

Жолдасымның азаматтығы  украиндық, қаны – италияндық, апасы – молдаван, тағы бір апасы – поляк қызы, анасы – украиндық, анасының апасы – поляк қызы. Сондай бірнеше қан араласқан. Өзімнен 7 жас үлкен. Екі жыл бұрын қызмет бабымен Атырауға  ауысып келдім. Шамамен, бір жылдан кейін қоғамдық шаралардың бірінде таныстым. Өзім ауылда қазақы тәрбие көріп өскен қызбын. Сондықтан мен үшін бұл шешімді қабылдау оңай болмады. Адамдарда қандай реакция болатынын білдім, іштей дайын болдым. Алдымен, ең жақын құрбыма, сосын анама айттым. Анам бірден оң қабылдады деп айтпаймын. Ол үшін бұл тосынсый болды. Басында «не істейін, қайтейін» деп күмілжіп қалды. Бірақ қарсылық білдірген де емес. Ал әкемнің реакциясы анам екеуміз үшін тосынсый болды. Әкем бірден құптай кетіпті. Өзі, негізі, қатал кісі.  «Ең бастысы, өз теңін тапқаны. Украиндар жаман халық емес, жаман адам әр ұлтта бар. Бақытты болсын» депті. Таныстырғанымда ата-анама да, достарыма да бірден ұнады. Себебі менің жолдасым өте жақсы адам.

– «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай, тұрмайды». Оның үстіне, екеуіңіз екі ұлт – екі түрлі мәдениет, екі түрлі тәрбие дегендей. Отбасында келіспеушіліктер болғанда, қалай шешесіз?

Кейбір біздің қыз-келіншектер шетелдікке тұрмысқа шыққан рахат деп ойлайды. Бірақ әр нәрсенің өз қиындығы, оң және теріс жақтары болады. Расымен де, біз жолдасымыз екеуміз екі түрлі ұлттың өкіліміз, екі түрлі тәрбие көрдік, ұстанымымыз, көзқарасымыз, ортамыз мүлдем бөлек болғандықтан, бір-бірімізге қабыспайтын жандардай көрінетін шығармыз. Расымен де солай. Біздің ас ішу салтымызға дейін бөлек. Қазақтың ұлттық тағам мәзірі, асқа байланысты ырым-тыйымдарын түгел ұстануға тырысамын өзім. Мысалы, тоқ болсаң да, дәм тату деген сияқты. Басында оған тықпалауға тырыса беретінмін. Кейін жарымды өз болмысымен қабылдайын деп шешім қабылдадым. Екеуміздің ұлттық айырмашылықтарымыздың болғаны, бір жағынан, қызық.

Ол кісі итальяндық болғандықтан, сол халыққа тән мінезге сай, қызулау. Екеуміздің арамызда қандай да бір түсініспеушілік орын алса, мен қазақы тәрбиеме сай, биязылық, жұмсақтық танытып, үндемей қалуға тырысамын. Әйел адамның осылай бас игені дұрыс екеніне көзім жетті. Әрине, бұл оңай деп айтпаймын. Үнемі өзіңді тәрбиелеуің керек. Оның үстіне, басшылық қызметтерді көп атқарған соң, бұйыра сөйлеу мәнері қалыптасып қалады екен. Үйде жарыма солай сөйлеп кетсем, ол маған «сен бастық емессің, олай сөйлеме» деп екертеді (күледі). Азиаттық қыздардың ер адамды ерекше құрмейттей білетінін, жұмсақтығын біліп алған. Мінезім шытынап кеткен жағдайда, әзілдеп «сен Азияның қызы емес секілдісің» деп күледі. Жалпы, менің тұрмыс құрғаныма жарты ғана жыл өтті. Сондықтан тәжірибем аз, бәріне енді үйреніп келемін. Ер адамның бетіне қарсы сөйлемеу, жағасын баспау, аяғын баспау, жолын кеспеу… Өзімді анамның бойыма сіңірген тәрбиесіне сай ұстауға, жұмсақ, баяу темппен сөйлеуге тырысамын. Ол да менің көңілімді қалдырмауға тырысады. Көңіл-күйім болмаса, бірден қабағымнан байқайды. Мен бұрындары Алладан «өзімнен ақылды жарды кездестір» деп тілек ететінмін. Сол жағынан тілегім жүз пайызға орындалды деп айта аламын. Мен жолдасымнан көп нәрсе үйреніп келемін.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Төреғалидің жары Толқынға арнаған әні қалың көрерменді жылатты (фото, видео)

Қайраттың әкесі: Мен келінімді төбеме көтердім, өз балаларымды да олай ұстаған емеспін

Нұрбигүл лауазымды қызметтегі азаматқа тұрмысқа шыққалы жатыр (фото)

Қайрат Нұртас: Жұлдызды көрсеткен соң, елдің бәрі әйелдерін көрсете бастады (фото)

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
19.06.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар