Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайтыс болған әйелдің қызы: Анамды қаққан полицей оқиға болған жерде оны сүйреп басқа жерге жатқызған

Республикалық Stan.kz сайтының редакциясына Қызылорда қаласының Жанат Мұхамедияр есімді тұрғыны хабарласқан болатын. Қайғыдан қан жұтқан бойжеткеннің анасын осыдан екі ай бұрын көлік қағып кеткен. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан кісі алған ауыр жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.

ана

Алайда, темір тұлпарды басқарған экс-полицей әлі күнге дейін жазасын алмай, бостандықта жүрген көрінеді. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған Жанат тергеушілер өз міндеттерін тиісті деңгейінде атқармай отыр деген пікірде.

4 баланы анасынан айырған қайғылы жағдай 27 маусым күні, қаладағы Журба көшесінде орын алған.

«Анамды қаққақ кісі бұрын Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеген. Қазір тергеу еш алға жылжымайды. Полицейлер істі жан-жақты жүргізіп жатқан жоқ. Күдікті баяғы таныстарын араластырып, барынша жазадан құтылып кетудің амалын жасап жатыр. Тергеушілер соның айтқанын тыңдайды. Ең сорақысы, жүргізуші анамды қаққаннан кейін оның денесін басқа жерге жылжытқан. Мұны анам жолаушылар жолағынан өтпеген деп айту үшін жасаған», – дейді Жанат.

Қазір марқұмның жақындары Қызылорда Бас прокуратура мен қатар өзге құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Бірақ жәбірленушілер ешқандай әрекеттің, нақты жұмыстың атқарылмай жатқандығын айтады.

«Бізді ешкім тыңдағысы келмейді. Бәрі бір саңырау болып қалған сияқты. Біз анамыздан, ошағымыздың иесінен айырылып қалған жоқпыз ба? Істің қашан сотқа жолданатыны да белгісіз. Анамыздан соңында 4 баласы мен сүйген жары қалды. Кішкентайымыздың жасы 12-де. Әлі күнге дейін түнімен анасын шақырып, жылап шығады», – деп ашынады Жанат Мұхамедияр.

Аталмыш жағдай жөнінде Қызылорда облыстық ішкі істер департаментіне сауал жолдаған болатынбыз.

«Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-ші бабы бойынша іс қозғалған. Тергеу амалдары мен сот-сараптамаларының нәтижесіне орай процессуалды шешім шығарылатын болады. Күдікті 2012 жылға дейін құқық қорғау органында қызмет жасағаны рас. Алайда, бұл жәйт тергеушілердің өз міндетін атқаруда негізге алынып отырған жоқтығын мәлімдейміз», – деген жауап берілді.

Қалай болғанда да, Жанат әділдіктің жеңгенін талап етеді. Өмірінде ең жақын адамы – анасынан айырған жүргізушінің заң бойынша жазасын алғанын қалайды.

Оқи отырыңыз:

Білім министрлігінің кезекті реформасы тағы дау туғызды

Елімізде бензиннің қымбаттауы жүргізушілерді көліктерін тастауға мәжбүрлеп жатыр

Павлодарда апалы-сіңлілі қыздарды қаққан жүргізуші судьядан жылап тұрып қамауға алмауын сұрады

Сәтпаевта парамен ұсталған лауазымды офицер тергеушілермен арпалысты

Талқылау