Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарғап-сілеп отырады": Құдайберген Бекіш өнер адамдарын жақтырмайтындарға жауап берді

ҚР еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіш өнер адамдарын тілдеп, түрлі жағымсыз пікір жазатындарға “Мархабат” бағдарламасы арқылы жауап берді. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Өнер иесінің айтуынша, әншілерді қаралайтындар қатарында егде тартқан адамдар да бар көрінеді. 

“Қазір әлеуметтік желіде бірнәрсе қылт етсе, қазақ халқы бір-біріне жаман сөздер жазып, ұрсысып жатады. Жас бала болсын, 50-60 жастағы ересек болсын. Сондай-ақ, олар көбінесе өнер адамдарын қарғап-сілеп отырады. Мен мемлекеттен ақша алып, я болмаса мемлекет маған ән жазып, кеш ұйымдастыруға, киім сатып алуға ақша беріп жатқан жоқ. Біз өз нәпақамызды өзіміз тауып жүрген адамдармыз. Мысалы, тойға шақыратын адам ол өзі шақырады, шақырмаған жерде сен бармайсың ғой. Сені тойға шақырғанда ол адам сені қалап тұр деген сөз. Сондықтан тойға бармайтын әншілер болмайды”, – деп жауап берді өнер иесі. 



Сонымен қатар мәдениет саласының өкілі тойды қазақтан бөліп-жара алмайтынын айтып, тарихтан сыр шертті. 

“Кезінде Ақан сері, Майра, Біржан сал, ақынның көпшілігі тойға барған. Бұл – қазақтың менталитеті. Біз балаға да қуанамыз, үйге келін түссе де қуанамыз, сүндет той мен тұсаукесерге де қуанамыз. Біз қуанышты бөлісетін халықпыз. Әрі оны той арқылы жеткіземіз. Бүгінде "той әншісі" деген танымал үрдіс бар. "Той әншісі" деп бөлетіндердің өзі тойдан шықпайды. Әнді "тойский" деп бөлуге болмайды. Әншінің тек ән кешіне арналған әні бар, жеке ішкі дүниені жеткізетін әндері де бар", – деді ол.

Еске салайық, шоу-бизнес өкілдері тасқыннан зардап шеккендерге неге 100 мың теңге ғана аударғанын түсіндіргенін жазған едік. 

Талқылау