Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық оқушы Билл Гейтс атындағы стипендияны ұтып алды

Данагөйлеріміз: «Ақыл жастан, білім бастан», – деп тегін айтпаған. Қарағандыдағы № 38 мектептің оқушысы Дарья Андрейченко Билл Гейтс атындағы стипендияны ұтып алды. Әзірге ол – мұндай мәртебеге ие болған Қазақстандағы алғашқы адам. Енді алғыр қыз әлемдегі ең үздік оқу ордаларының бірі Дьюк университетінде білімін шыңдайды,-деп жазған хабар арнасы.

оқушы

Бірер айдан соң мектеп қабырғасын тәмамдайтын Дарья Андрейченко әрі қарай білімін қайда шыңдайтынын алдын ала шешіп қойған. Ағылшын тілін жетік меңгерген алғыр қыз Билл Гейтс атындағы стипендияны ұтып алып, әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде оқуын жалғастыратын болды.

«Бұл университетте талап өте жоғары. 32 мың адамның арасынан іріктеп, тек 1700 адамды ғана оқуға қабылдайды. Соның бірі болғанымды мақтан тұтамын. Оның үстіне грант ұтып алдым. Бұл әлем бойынша тек 8 адамға ғана беріледі. Маған бұл жаңалықты айтып хабарласқанда, әуелі сенбедім. Біреулер қалжыңдап тұрған шығар деп те ойладым. Бірақ жеңісім шын болып шықты»,-дейді № 38 гимназияның оқушысы  Дарья Андрейченко

Дарья ел қатарлы ұлттық біріңғай тест тапсырмайтын болды. Оның орнына ол америкалық САТ емтиханын тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Нәтижесінде бес бірдей университеттен шақырту келген.

«Міне мені бірден 5 университет оқуға қабылдады. Соның ішіндегі ең беделдісі – Дьюк университеті. Ал мынау Вандербилд білім ордасынан келген шақырту»,-деп оқушы өзіне келген шақыртуларды көрсетті.

«Дарья жастайынан алғыр, еңбекқор болды», – дейді анасы. Ақыры соның жемісін көрді. Ол – тек оқуда ғана озат емес, мәнерлеп сырғанаудан да спорт шебері. Ресей мен Қазақстанда өткен бірнеше байрақты додаларда топ жарған.

«Дарья үнемі ізденісте жүреді. Оқудан жалыққан емес. Нәтижесінде үлкен жеңіске қол жеткізді. Мен оған шамамның келгенінше үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Армандар орындалады деген рас»,-дейді  Дарьяның анасы  Марина Андрейченко

Маусым айында Дарья мұхит асып, жаңа ортаға түседі. Америкадағы оқуын тәмамдаған соң бірден елге оралып, осында еңбек етуді жоспарлап отыр.

 

Талқылау