Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында жерлеу рәсімінің бағалары қымбаттап жатыр

Қарағанды облысында жерлеу рәсімінің бағалары қымбаттап жатыр. Жыл басынан бері ғұрыптық қызметтердің құны 15 пайызға дейін көтеріліп кетті дейді тұрғындар. Тіпті, адамды ақтық сапарға шығарып салумен айналысатын компаниялар, бұрынғысын өшіріп, жаңа бағаларын интернет беттеріне жариялап қойыпты.

yxvBwHiKTXu9b7zt-lg

Бұл туралы 31 арна хабарлайды

Күні кеше ғана анасының денесін жер қойнына тапсырған Асқар Қасенов жерлеу рәсімдерінде қымбатшылықты бірден сезгенін айтады. Қайғы жұтқан азамат, «әсіресе, ас беру қымбатқа түсті», – дейді. Айтуынша, жақынын соңғы сапарына шығарып салу рәсімі жарты миллион теңгеге түскен.

«Ас беру арзан дәмханада жасатқанның өзінде, бес жүз мыңдай ақшам кетті. Қайғы жұтқан адамдарға кішкене болсын жеңілдік қарастыруға болады ғой. Жақынымызды жерлеу қымбат болғанымен, осыған да көнеміз»,-дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Асқар Қасенов

Қарағандыда қабір қазу, бейіт маңын тазалау және көріктендіру қызметтері 15 пайызға өскен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мәлім болды. Жерлеу рәсімінің қымбаттағаны шенеуніктер үшін аса жаңалық емес сияқты. Қайта, зират басында жұмыс істейтін адамдардың еңбегін елегендей сыңай танытады.

«Қаңтардан бастап ғұрыптық қызметтердің құны былтырғыдан 15,6 пайызға артқан. Биылдан бастап азық-түліктен бөлек, киім-кешек те, коммуналдық қызметтер де шарықтап тұр. Бағалардың тұрақтылығы қадағалау үстінде»,-дейді Қарағанды облысы Статистика департаментінің жетекшісі Жанат Садықова.

Ал ғұрыптық қызмет көрсететін компаниялар интернет беттеріне жаңа бағаларды да шығарып үлгерген. Мәселен, құлпытас жасау 50 000 теңгеден басталса, айшықтар – 7 500 тг, арнайы жүк көлігі 19 800 тг, қабір қазу 20 000 тг, ал мейрамханадағы адам басына орын, кем дегенде, – 5 мың теңгеге бағаланады екен.

Бірақ нан-суын зираттан тауып жүрген қабір қазушылар бағаның көтерілгенін дұрыс көріп отыр.

«Енді былай қарап отырсаңыз, бәрі қымбаттап отыр ғой, тағы да кішкене ақшасы қосылса, жақсы болар еді. Ал былай енді жетеді бәрімізге»,-деді қабір қазушы Бекзат Ыбыраев

Яғни, есептеп келгенде, Қарағанды облысында бір адамды жерлеу құны бір миллион теңгенің шамасында екен. Бұл марқұмның қонақасын «ең арзан» деген мейрамханада жасағанның өзінде. Ал бұған күннен күнге шарықтап жатқан азық-түлікті қосыңыз.

Талқылау