Қарағандыда батут аударылып қалды: Ұлттық бюро шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті Қарағанды әкімдігінің Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасындағы лауазымды тұлғаларға қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін тиісінше орындамауының нәтижесінде Қарағандыдағы Орталық саябақта үрлемелі батут заңсыз орнатылып, пайдаланылған. Батут 25 мамырда қатты жел салдарынан аударылып қалып, 12 жастағы баланың өліміне және кәмелет жасқа толмаған екі баланың жарақаттануына алып келді. Аталған факті ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігіне (Салғырттық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізімдемесіне тіркелді», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегілер.
Қарағандыдағы саябақтар басқармасының басшысы қайғылы жағдайдан кейін қызметінен босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, 25 мамырда Орталық қалалық мәдениет және демалыс саябағында Қарағанды қаласында күшті желдің салдарынан батут аударылып, бір бала қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін батутты орналастырған аттракцион иесі ұсталды.