Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қағып, артынан қансыраған азаматты аурухананың алдына тастап кеткен: кінәлілер әлі табылмады

Тағдырдың тауқыметін тартып осыдан алты жыл бұрын күйеуінен айырылған қазақстандық әйел бүгінде бес баласымен 97 мың теңгеге күнін көріп отыр. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне басынан өткен оқиғасын баяндап, қандай көмекке зәру керектігін айтып берді

Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2013 жылы, Байсерке ауылының маңында кейіпкеріміз Гаухар Абдакимованың күйеуі Аманжол жұмысынан үйіне қайтып келе жатқанда көлік астына түсіп, қатты жарақаттанады. Көлікте болған екі жас жігіт бірінші кезекте өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан азаматқа көмек көрсетуді емес, қылмыстың ізін суытуды ойлаған.

Олар зардап шеккен ер кісіні жол бойындағы бұтақтар мен ағаштардың арасына тастап кетуді жоспарлаған. Ал ауыр жарақаттар алған жаяу жүргінші сол кезде есін білген.

Екі жігіттің ойлағандары жүзеге аспай қалады. Ақ джип мінген кісі жігіттердің не істейін деп жатқанын байқап, олардың жанына тоқтайды. Ақылға шақырып, іс-әрекеттері мұсылмандыққа сай келмейтінін сөз етеді. Қағып кеткен азаматты ауруханаға апару керектігін айтады.

Ер адамның сөзін жерге тастамаған жігіттер өздері қағып кеткен жаяу жүргіншіні жақын маңда орналасқан аурухананың алдына тастап кетеді. Дәрігерлер Аманжолдың өміріне екі апта көлемінде күрескен. Ол болған жайтты өз аузымен баяндап, алған жарақаттарының салдарынан дүниеден озады. Өкінішке орай, ақ джип мінген кісі де, күйеуі Аманжолды қағып кеткен ер адамдарды да полиция таба алмаған.

Қайтыс болған жігіттің артынан бес баласы, әйелі, бітпей қалған үйі қалады. Бүгінгі күні Гаухар Абдакимова  ұл-қыздарымен көп балалы анаға және отбасын асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақының көмегімен 97 мың теңгеге күн көріп отыр. Бұл сомманың бүгінгі заманда бір адамның күн көруіне жетпейтіні белігілі. Ал бес баласы бар анаға мүлдем оңай емес.

“Қазір Аллаға шүкір үйіміз бар, бес балам бар. Ең кіші балам бірінші сыныпқа барды. Ең үлкен қызым он алтыда. 11 сыныпта оқиды. Төрт балам да мектептен тамақтанады. Ал қызымның ҰБТ-ға дайындықтан тамаққа қарайтын уақыты жоқ. Таңертең келіп, кешке кетеді. Бірінші сыныптағы ұлым түстен кейін, үшінші сыныптағы балам алтыда, қалғандары мектептен қайтқанша сегіз болып қояды. Өзім соларды бағып, тамағын беріп үйде отырамын.

Жұмысқа шыққым-ақ келеді, бірақ мен үйде болмасам, балаларым қараусыз қалады. Жоғарғы оқу орнында бір жыл сырттай оқығанмын. Бірақ, 19 жаста күйеуге тиген соң, оқуымды аяқтаған жоқпын. Қазіргі уақытта балаларды киіндіре алатын, тамағын да, киімін де алып бере алатын қаражат болса екен деймін. Ұлдарым ер жетіп келе жатыр. Ай сайын киім, ай сайын қажеттіліктері туындап тұрады” , — дейді Гаухар Абдакимова.

Гаухар Абдакимованың айтуы бойынша, Байсерке ауылындағы мешіт те, қайырымды жандар да оған қол ұшын созып, көмектесіп тұрады. Күйеуінің сыныптастары, жұмысындағы ұжымы, туысқандары үйді салып бітіруге атсалысқан. Өзі жаз мезгілінде жылыжайда жұмыс істейді. Гаухар Абдакимова кез келген көмекті қабыл алуға дайын.

Егер бес баланың анасына көмектесуге ниеттенсеңіз, 8 775 499 83 81 нөміріне хабарласуыңызға болады. Сонымен қатар, Гаухар Абдакимованың Kaspi картасына қаражат аударуға мүмкіндігіңіз бар

ЖСН: 811 214 401 911

Kaspi Gold: 5169 4931 2325 0766 

Абдакимова Гаухар Мухамедсабыровна 

 

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Талқылау