Рамзан Қадыров Тарасовты айыппұлымен қоса «Терек» қатарына алмақшы
Шешенстан президенті Рамзан Кадыров жақында Еуропа лигасында «Фенербахчеге» қарсы ойында РФ президентінің портреті салынған жейдесі үшін жазаға тартылған «Локомотив» командасының футболшысы Дмитрий Тарасовты айыппұлымен қоса Грозныйдың «Терегіне» сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.
Сурет www.aif.ru сайтынан алынды
Бұл туралы eurosport.ru хабарлайды.
Ақпанның 21-і күні Кадыров «Терек» командасының бұл шешімі жайында өзінің Instagram-на жазды. Ол футболшының Ыстамбұл стадионында жасаған сол әрекетінен нағыз еркектің тұлғасын көргенін баяндайды. Енді егер Тарасов «Терекке» ауысып келетін болса, оған УЕФА салған 300 мың еуро көлеміндегі айыппұлды осы команда өзі көтеріп алатын болады.
Кадыров сондай-ақ футболшыға «ең құрметті де қадірлі адамдар» кіретін «Лидер-63» командасының құрамына кіруге де шақырды. Ондағы ойыншылардың барлығы Владимир Путиннің портреті салынған футболка киіп жүреді.
Ертеректе, Тарасовтың Путиннің бейнесі салынған жейде киіп шыққаны үшін, УЕФА-ның тәртіп комитеті оның бүл әрекетін “саяси үгіт-насихат” деп бағалап, жаза қолданатынын мәлімдеген еді.