Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Janym Baklajanym: Қайырымдылық, миллиондаған ақша және үшемнің анасы болу туралы

Қайырымдылық жасаудан жалықпайтын Айдын Тоқсанбаева, бүгінде халықтың ыстық ықыласы мен сеніміне бөленген танымал қазақстандықтардың бірі. Әлеуметтік желілерде Janym Baklajanym деген атпен танылған елімізге танымал “саяхатшы әженің” немересі бір көзінен айырылған Римма Асқароваға, “қарт бала” атанған Ернар Әлібековке де қолынан келгенше көмек көрсеткен.

Қазір де көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға ұмтылып тұрады. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында неліктен қайырымдылықпен айналыса бастағанын, оның аясында қандай қиындықтардың туындайтынын айтып беріп, жеке өміріндегі өзгерістерімен бөлісті

Айдын, бізге сіздің қайырымдылықпен 5 жыл көлемінде айналысып келе жатқаныңыз белгілі. Осы жылдар аралығында алға қойған барлық мақсаттарыңызға жеттіңіз бе? Жалпы, қайырымдылықпен айналысуға не түрткі болды?

Қайырымдылық жолынан иә, мақсаттарыма жеттім. Негізі, кезінде мен кафе, кино, ресторан сынды жастар демалуға баратын жерлерден шаршап, зерігіп кеткен едім. Өзіме бірнәрсе жетіспейтін сезетінмін. Күйінген сәттерім де болды. Жағдайым жасы кезде жанымнан табылатын жандар, қиындықтар туғанда мені тастап кетіп жатты. Осыны байқап, бір жақсы, қарапайым ортаны іздедім. Сосын мен бұрынғы араласқан адамдардың ортасына сай емес, олардың дәрежесіне тең емес едім. Осыған байланысты, өз ортамды табуға ниеттеніп, қарапайым жандардың басын құруды ұйғардым. Осылай “Қайырымды жандар” тобы ашылды. Жақсылық жолында көптеген қарапайым адамдармен таныстым.

Ешкімнің ешқандай жаман ойы жоқ. Жақсылық жасасам деген ниеттері бар. Мысал келтірсек, барлығымыз ортаға мың теңгеден тастаймыз. Сөйтіп мұқтаж отбасының 3-4 айлық азық-түлігін алып береміз. Өзіміз содан кейін отырып шай ішеміз (күліп). Топ ашылған соң, ұялы телефондарды пайдалануға болмайды дегендей ережелерді құрдым. Кезінде бір-біріне мырза, ханым деп сөйлейтін ортада жүруді армандайтынмын. Осы мақсатыма жеттім. Барлығымыз бір-бірімізбен сіз, біз деп сөйлесеміз. Қайырымдылықпен осылай айналыса бастадым. Көптеген тіпті отбасылар сол қайырымдылықтың арқасында қосылып жатты.

Егер біреу қайырымдылық жасап, әлеуметтік желідегі парақшасына жүктесе, кейбір адамдар “салмай-ақ жасай берсең болады ғой, көрсетудің қажеті не?” деп айтып жатады. Осыған қатысты не ойлайсыз?

Ол адамның өзіне байланысты. Мысалы, егер сіз өзіңіз жасап, әлеуметтік желілерге жүктеп жатсаңыз, онда ол ұят нәрсе. Енді Құдай жақсылықты кімге сауапқа жазатынын, кімге жазбайтынын өзі шешеді. Мен жақсы істі жариялап, өзіме оны жария қайырымдылық деп айтып қоямын. Басқалар қалай түсінетінін білмеймін. Көп адамдар “жақсылық жасадың ба, көрсетпе” деп сын айтып жатады. Бірақ мен жай себепшімін. Ол менің емес, халықтың жасаған жақсылығы. Мен тек халықтың шақыруымен және оның айтуымен жүрген адаммын.

Қазақстанның 7 қаласында кем дегенде 200 адам бар деп айтқан едіңіз. Әр қаламен жеке-жеке жұмыс істейсіз бе?

Қазір көбірек. Әрқайсысында қанша адам бар екені қазір маған беймәлім. Өйткені өзім бала-шаға, отбасылы болғаннан кейін олардың жұмысын бұрынғыдағыдай қадағаламаймын. Бірақ әр топ күшті жұмыстар атқарып жатыр. Әр қаладан негізінде 10-11 топ шығады.

Олардың жұмысын қалай бақылайсыз?

Жоқ, кезінде жұмыс сенімді адамдарға тапсырылған. Олардың өзіңде арнайы жүйе бар. Бұрын мен қорқатынмын, ешкімге сенбейтінмін, өзім ғана бастайтынмын, ашатынмын, табыстайтынмын. Өйткені жүйе құрылмаған еді. Бүгінгі күні жүйені қабылдаған адам қызметін абыроймен атқарып келуде. Менсіз де күшті болып жатыр олар (күліп).

Қазір қайырымдылық жасаймыз деп арасында алдайтындар да бар…

Алдаймын десе, оларды ешқашан тоқтата алмайсыз. Бірақ олар арғы дүниеде өзі-ақ есептерін береді. Біз, қарапайым адамдар, оған ешнәрсе жасай алмаймыз. Алайда, жақсылық жасаймын, көмектесемін деп ниеттенген адамдар өздері таңдау жасап, жақсылықтың қай жерге беру керектігін шешеді.

Сіз “Инстаграмдағы” парақшаңызда “ақшаны алдап алып жатырсың деп айтады, сол кезде жылап аламын” деп жазған едіңіз? Әлі де солай ма?

Бұрын солай еді. Адамның еті үйренеді екен. Қазір ешнәрсеге жыламаймын. Ең қиыны сол болатын. Барыңды салып атсалысасың, бір адамға көмектесуге ниеттенесің, ал біреу алады да “бұл ақша алу үшін, бұл мақтанады” деп жаза салады. Иә, мен мақтанамын және жариялаймын. Бәрін жасаймын, бұрынғыдағыдай  еңіреп жылайтын мен жоқ. Бәрібір қазір. Әйтеуір ниетім түзу. Аллах Тағала барлығын көріп, біліп тұр. Жақсылықты адамның айтқаны үшін емес, өзімнің ақыреттегі сауабым үшін жасаймын. Қаншама жастар көп ат салысып жатыр, барлығы жастардың арқасы.

Қазір қайырымдылықтан басқа немен айналысасыз? Үшемнің анасы екеніңізді білеміз.

Памперс ауыстырумен, бала қараумен (күліп). Күнім сонымен өтетін сияқты. Ми ашып кетеді, бірақ барлығы тамаша. Аз қалды ғой, бір жыл шыдасам болды деп өзімді жұбатып қоямын. Сөйтсем біреулер бір жылдан соң керісінше барлығы басталады дейді. Негізі мен 24 сағат бойы балаларыммен отырамын деп айта алмаймын. Әйтеуір анама, күтуші әйелге рахмет. Сол кісілердің арқасында барып кел, шауып келімді тоқтатқан емеспін. Әйтеуір балалардың анасы деген атым бар.

Қайырымдылықпен айналысудан шаршаған жоқсыз ба?

Шыныменен де 1040 рет шаршаймын. Өйткені, көп адамдар сені қол ұшын созуға міндетті деп санап кетеді. Көмектесе алмаймын десең, қарғап тастайды. Қайырымдылық жасау және адамдармен жұмыс жасау оңай емес, өте қиын. Сол кездерде түсіндіруден шаршап кетемін. Өзім негізі тез зерігемін. Істейтін нәрсе болмағанда қайтадан қайырымдылықты бастаймын. Ұзақ уақытқа дейін қолыма алып келе жатқан жалғыз іс — қайырымдылық. Одан басқасының бәріне максимум бір ай шыдаймын, сосын сол іске жақындамаймын.

Танымал болуды армандадыңыз, танымал болдыңыз. Алайда, осы танымалдықтың кесірі тиетін кездері болады ма?

Мен танымал болуды армандағанмын. Оқырмандары көп адамдарды оқып жүріп, “осылар бір азаматқа көмектесейік деп жазса, көп адам ат салысатын шығар” деп ойлайтынмын. Сол кезде “мұқтаж отбасыларға көп керек емес шығар, 100 мыңға 3-4 айға азық-түлік алуға болады” деген ойлар бар еді. Өзімде де бір пост жазғанда екі жүз мың теңгедей ақша жинап беретін оқырмандарымның болғанын қаладым. Ал қазір Құдайға шүкір бір пост жазсам, бір миллионнан астам ақша жиналады.

Өйткені, адамдар менің бірнәрсеге нақты көз жеткізбей ешнәрсе жасамайтынымды біледі. Бірақ, әрине, көп жерлерде кесірі тиеді. Мысалы, маған “жолдасыңды мына жақта қыздармен көрдім” деп көз қыздар жазатын. Немесе маған түрлі нөмірлерден “біз екеуміз ана жақта бірге болдық, есіңде ме?” деп жігіттер хабарласатын. Кімде кімнің қандай мақсаты бар екенін түсінбеймін.

Сосын көшеде кетіп бара жатқанда, ешкіммен сөйлескің, араласқың келмейтін сәттер болады. Сол кезде Айдын деп келеді. “Кешіріңізші мазам болмай тұр” десең, “өзінше боласың”, “инстаграмда өзіңді жақсы адам ретінде көрсетесің, өмірде ондай емессін” деп адамдар басқаша қабылдайды. Cол жағынан кішкене қиындау. Телефоныма жай ғана хабарласатындар бар. Мен қайырымдылық жасап жүрген адаммын деп өтірік мүләйімсініп жақсы сөздермен жауап бере алмаймын.

Жолдасыңыз жайлы айтып қалдыңыз. Оқырмандарыңыз да жұбайыңызды сұрап, мазаңызды алатын сияқты. Қазір отбасылық жағдайыңыз қалай? Әлі де араласып тұрасыз ба? Жалпы, ол кісімен қалай кездесіп едіңіз?

Қайырымдылық шараның аясында балалар үйінде кездестік. Отбасылық өмірде қиындықтар болып жатыр. Шешімі қандай болатынын білмеймін. Иә немесе жоқ. Екеуміз де жоқ деп отырмыз. Кім біледі? Аллах нәсіп етіп, мүмкін әлі де бірге болуды жазар. Сұраған, жазған адамдарға ешнәрсе демеймін. Менің күнәләрым өте көп. Айта берсін, оларды шая берсін (күліп).

Барлық отбасын да менікіндей проблемалар бар. Ешкім оны ашық айтпайды, ал мен оны жасыра алмаймын. Бәрі белгілі болады. Бір қателігім — мен кетіп қаламын. Ал басқа әйелдердің мықтылығы, күштілігі — олар қандай жағдай болмасын күйеулерінің жанында жүреді. Сондықтан бүкіл әйел адамзатқа айтарым — қандай жағдай болмасын, кету оңай. Менің жағдайымда қиындық жоқ. Барлығы менің қырсық мінезімнің кесірімнен. Басқа адамдар менің орнымда болса, кетпеуші еді. Күйеулерін алақандарында ұстап отыратын еді. Ал мен өзімнің қателігім үшін одан кетіп қалып тұрмын.

Бір көзінен айырылған Римма Асқароваға да көмектестіңіз. Қателеспесем, еміне 5 күннің ішінде 7 миллион жиналды ғой? Римма екеуіңіздің араңызда кішкене түсініспеушіліктер туған еді. Болған оқиғаны өзіңіз баяндап берсеңіз

Білмеймін. Оның өзінде бір миллион 700 мың теңгедей болды. Сосын біз күніне миллион жинап, сол соммадан асырып отырдық. Бүгін миллионнан асыру керекпіз деп жүретінім есімде.

Телефонның алдынғы, артқы камерасын түсінбейтін адамдар, Римманың қай көзің емдеу керектігін түсінбей жатты. Шудың шыққаны рас. Қандай шара болмасын, менің арым таза. Қасымда бір-екі адам болса да мен олардың көргенін естігенін сыйлаймын. Римма екеуміздің сөзге келіп қалғанымыз рас. Ол 21 жаста болғанымен, өзі 17-18 жасар қыз секілді, бала ғой енді, еркелікке берілді ме, білмеймін.

Шараға ат салысуға келген адамдар жұмыс жасап жатты. Ал Римма достарымен демалып отырып қалды. Сол кезде мен ашуланып оларға барып ұрысқанмын. “Неге сен және достарың отырасыңдар, ал басқа біреу сен үшін жұмыс жасауы керек? Мұның барлығы кім үшін істелініп жатыр” деп ұрысып беремін. Ол жұлқынып шықты.

Жұлқынғанның көкесін көрсетемін деп мен де ашуландым (күліп). Бұлай істейтін болса, бұл қызға көмектесудің не керегі бар деп ойладым. Себебі, бір жерде тұр десең өздері үшін 24 сағат бойы тұратын, көмекке мұқтаж ата-аналар мен балалар бар деп қабылдадым. Көп адаммен ақылдастым. Өзіміздің Мәулен деген танысымыз бар. Ол кісі де қайырымдылық жолында жүрген адам.

Барлығын егжей-тегжейіне дейін білетін болған соң, сол кісіге бардым. Не істеу керектігімді сұрадым. Сабырға шақырған соң, сол кісіні тыңдадым. Риммамен достастық. Мен маған сенген адамдарды алдай алмаймын. Арадағы болған дүниенін барлығын, ұрысқанымызды да парақшама жаздым. Римма ол кезде Израильге кететін болған. Сол ұрыстың арқасында біз Израиль емес, Кореяға барғанның дұрыс екенін түсіндік.

Осыны халыққа жеткізгім келді. Ол екіге бөлінді. Біреулер “Айдын жарайсың, сенікі дұрыс” деді, басқалар Римма жаман деп шықты. Ол жерде менің мақсатым біреуді жаман қылып көрсету емес, керісінше ұрыстың арқасында Аллах Тағаланың жолды Кореяға алып келгенін түсіндіру еді. Жазғанда дұрыс жазбадым ба білмеймін. Адамдардың барлығы басқаша қабылдап кетті. Бірақ аяғында түсінді.

 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Janym Baklajanym (@janym_baklajanym)


Ал төрт жасар Ернар Әлібековпен, оның анасымен байланысқа қалай шықтыңыз?

Ернар Астанада тұрады. Анасымен сөйлесіп тұрамыз. Ернардыкі енді емделмейді ғой. Негізі көбісінде емі бар адамдарға көмектесуге тырысамын. Бірақ Ернар енді дүниежүзінде ерекше бала болғандықтан, оған қол ұшын создық. Бір жағынан баланың, ру сұрасы дегеннің басқаларға сабақ болғанын қаладым. Ру сұрасыңдар деп ашық айта алмадым. Өйткені, анасы жас, жап-жақсы қыз, оған тіл тигізгім келмеді. Бірақ жақын ру болса арты жаман болатынын көбісі түсінді.

Айдын, сізді қазақстандықтар саяхатшы әжейдің немересі ретінде де таниды. Әжеңіз тағы да қандай елдерге саяхаттауды жоспарлап отыр?

Апам Мекке мен Мәдинадан кейін ешқайда барғысы келмейді. Тағы да Мекке Мәдина деп жатыр. Кезінде отбасымызбен бірге демалғанбыз. Қазір бала-шаға бар, бүкіл отбасым бағып жатыр оларды. Балалар кішкентай кезде ешқайда да шыға алмайсың, әбіржіп кетесің. Апам барған елдеріне риза, бірақ “қайда барғыңыз келеді?” деп сұрасаң “ешқайда барғым келмейді, Мекке-Мәдинаға барам” деп қатып қалады. Біздің апамыздың жүрегі 18 жастағы қыздыкіндей. Дәрігерлердің өзі солай айтады.

Ешнәрседен қорықпайды. Тәуекелге көп барады. Менің мінезім апамдікі. Шетелге шығамын дегенде, ешқайсымыз уайымдаған жоқпыз. Баратын болсақ, бірге барамыз немесе бармаймыз деп шештік. Апам басында бармаймын деп майысты. Содан кейін біз де бармаймыз деп едік, аяды. Бір барғаннан кейін тоқтай алмай қалдық.

Жалпы өмірлік ұстаным ретінде ұстанатын апаңыздың айтқан өсиеті бар ма?

Иә, “пайдаң тимесе де, зияның тимесін” деген. Соны мен өмірлік ұстаным ретінде алып келе жатырмын. Бізді апам, ата-анам барыңмен көмектес деп тәрбиелеген. Көп адамдар көмектесу үшін бай болу керексің деп ойлайды ғой. Олай емес. Біз де кезінде қара нанға зар болғанбыз. Біз де жарты нан болса, оның жартысын көршімізге бере алатынбыз. Бізден де онша емес тұратын адамдар бар еді. Киім киіп қарық қылмасақ та, оларды бөлісетінбіз. Бізде тіпті Өскеменде Қытай базары бар.

Ол базарда Қытайдан келетін арзан киімдер сатылады. 200-500 теңгенің жемпірлері. Сондайларды ата-анамыз үйіп-төгіп алып беретін. Олардың жартысын кидік, қалғанын басқаларға бердік. Бізде де мектепке киіп баратын аяқ-киімдер жоқ болды. Кішкентай кезімізден жағдайы керемет біреу болып туылмадық, сауда жасадық. Әпкем екеуміз жүгері, лимон, қараөрік, бәліш саттық. Апамда бәліш сататын. Барлығымыз жұмыспен өстік. Осының арқасында өз бетімен күн көре алатын адамдарға айналып, ақшаның құнын білдік. Әке-шешем жемістерді сататын, өзімізде соларды сатып өттік. Ата-анамыздың баратын жерлері бар. Сол кезде бірінші, екінші сыныптың оқушысы болсақ та олардың жұмысын өзіміз істей беретінбіз.

 

Сұхбатыңызға рахмет!

Дайындаған: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Талқылау