Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Италияда жол апатынан зардап шеккен отандастарымыз елге жеткізілді

Италияда жол апатынан зардап шеккен отандастарымыз елге жеткізілді. Туристер отырған автобустың жолдан ұшып кетуінен 9 отандасымыз түрлі жарақат алып, екеуі ауруханының жансақтау бөліміне түскен болатын.

italiya

Бір апта бойы италиялық дәрігерлер қазақстандық науқастарды орнынан қозғауға рұқсат бермеген болатын. Кеше еліміздің дипломаттарымен денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қос келіншекті Алматыға жеткізді. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.  

Италия ауруханасында жансақтау бөлімінде жатқан науқастарды елге  жеткізу үшін арнайы санитарлық авиацияның ұшағымен екі бірдей дәрігерлер бригадасы аттанған болатын. Еуропалық әріптестерімен бірлесіп өткізген консилиумнан кейін олар науқастарды алып кетуге рұқсат беріпті. 

“Тасымалдау барысында ешқандай өзгерістер болған жоқ. Науқастардың жағдайы ауыр, тұрақты. Тасымалдау барысында біз әрдайым байланыста болдық консульствомен және де дәрігерлермен. Науқастардың жағдайы бірқалыпты”, - дейді Ұлттық үйлестіру орталығы санитарлық авиация өкілдігінің басшысы Нұрдәулет Өмірәлиев. 

Отандастарымыздың жағдайы ауыр болғанымен тұрақты екен. Қос науқастың бірі №7 қалалық клиникалық ауруханасына, екіншісі прездент іс басқармасының клиникалық ауруханасына жеткізілді. Светлана Жакутованың анасымен қауыштырған жандарға алғысы шексіз. Италияға демалауға аттанған ата-анасы жол апатына тап болады деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмепті. 

“Бұл жағдай туралы кездейсоқ жаңалықтан біліп , бірден әкемізбен хабарластық. Ол автобустың аударылып, анам екеуі аурухана екенін жеткізді. Бірақ анамның қандай жарақат алғанын айта алмады. Себебі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр екен”, - дейді зардап шегушінің қызы. 

Науқастардың денсаулығына қатысты жергілікті дәрігерлер қандай да бір болжам жасау ерте дейді. Алдымен толық тексеруден өткізіп, одан кейін ғана ем-домға кіріспек.

Естеріңізге сала кетсек Италияда жолаушылар автобусы 22 мамыр күні жол апатына ұшыраған еді. Салдарынан 37 жолаушы жарақат алып, ресейлік бір саяхатшы көз жұмған болатын. Зардап шеккендердің 9-ы қазақстандық болатын. 

Талқылау