Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішкиім кигізу, шай-тұз сұрау, жеті өзеннен өткізу": Белгілі этнограф бедеулікке қатысты ырым-жоралғылар туралы сыр шертті

Белгілі этнограф, ғалым Болат Бопай бала көтере алмай жүрген қыз-келіншектерге қатысты ежелгі ырымдарды “Мамский әңгіме” подкастында айтып берді. 

Фото: Подкастан скриншот

Сондай-ақ қоғамдағы бедеуліктің белең алып тұрғанын да атап өтті. 

“Қазақ халқы ырым-жоралғыға жақын ғой. Құрсақ көтере алмай жүрген әйелдерге қатысты түрлі ырым мен наным-сенім жасаған. Көпбалалы үйден тұз бен шай әкеліп ішкен. Балағынан бала саулаған әйелдің ішкиімін шешіп әкеліп, бала көтере алмай жүрген әйелге кигізген. Ол кезде бақсы-балгер, тәуіп-емші көп болғандықтан, сарыала қамшымен ұшықтайтын болған. Бұрын жеп көрмеген тамақтарын жегізіп, тәбеті бөлінсін деген ниетпен түрлі тамақ ұсынған. Әйелдің сана сезімінен “бала көтере алмаймын” деген ұғымды алып тастау үшін де түрлі ырымдар жасаған. Ойы бөлінсін деген ниетпен жиі басқосулар ұйымдастырған. Қазақ ағзаның да құлағы бар деп есептеген. “Мен аурумын, менің денсаулығым жоқ” деген ойды әйелдің миынан алып тастауға күш жұмсаған. Ақсарбас қой сойып, қарны мен қанына ораған. Суықтан да болуы мүмкін деп. Одан кейін жатырына бала бітпеген әйелді жеті өзеннен өткізген. Жеті бұлақтың жағасынан тас әкеліп, көз тиген деп те топшылаған. Әр нәрседе энергия бар. Адам көзбен көргеннен кейін, сенім де пайда болады. Көзқарасы өзгереді”, – дейді этнограф. 



Сонымен қатар ғалым тар құрсағын кеңейтпегені үшін әйелді ғана кінәлаудан аулақ болуға шақырды. Күйеуді де назардан тыс қалдырмау керегін баса айтты. 

“Бұрын да бедеу әйел, белсіз еркек болған. Қазір еркек бала таппаған әйелмен ажырасып, екінші әйел алып, шұбырып балалы болып жатады. Әйелде де тура сондай жағдай. Еркектен бала таппағасын, басқа адамға тұрмысқа шығып, бала сүйген. Ежелгі қазақтың өмірінде де осы дүние болған. Ол заманда еркекті күш санап, әйелді қор санау ұғымы белең алып тұрды. Сол үшін бала таппаған әйелді қаралады”, – деп түсіндірді ғалым. 

Айта кетейік, суррогат ана болған әйел босанғаннан кейін не сезінгенін айтып бергенін жазған едік. 

Талқылау