Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішек ауруына шалдығуда: Алматы облысының тұрғындары 30 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр

Алматы облысында бүтіндей бір ауыл 30 жыл бойы құдықтан су ішіп келеді. Қаратал ауданындағы Жылы Бұлақ тұрғындары осы мәселені көтеріп арнамызға хабарласты. Айтуларынша, құдық суы лас, құрамында фтор бар. Ішек ауруына шалдығып жатқандардың қатары көбейіп келеді.

Ішек ауруына шалдығуда: Алматы облысының тұрғындары 30 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр

Жеті өзеннің ортасында тұрып, тіршілік нәріне жарымай отырған жетісулықтар жайлы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.

100-ден астам түтіні бар Жылы Бұлақ тұрғындары үшін құдықтан су тасып ішу қалыпты жағдайға айналған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ауыз суды жер астынан қолмен тартуға мәжбүр. Ауылда мұндай 3 құдық бар екен. Алайда, 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейбірі жарамсыз болып қалған.

«Осы бір-ақ құдық ішуге жарайтын, қалғандары тұзды. Бүкіл ауыл жабылып осы құдықтан ішеміз», – дейді ауыл тұрғыны Сәулебек Жұмсақов.

«Бұл құдықтан су ішіп жатқанымызға 30-40 жыл болды. Елдің көбісі қыста осы құдықтан алады. Бұдан бірде мал суғарады, адам да алады. Су іздеп тентіреп кетеміз. Есігінің алдында құдығы барлардан барып су аламыз. Бізге ауыз су керек ауылға», – дейді Жылы Бұлақ ауылының тұрғыны Әлия Төлеубаева.

Тұрғындардың сөзінше, судың құрамы таза емес. Алайда, басқа амал жоқ. Тіршілік нәрі болған соң бастарын қауіпке тігіп, лас суды ішіп жатқандарын айтады. Қазірдің өзінде құдық суын ішіп жатқандардың біразы түрлі дертке шалдығып жатқан көрінеді. Ал, 3 жыл бұрын жер қойнауын тексерген геологтар аталған елдімекен суының құрамында 50 пайызға дейін фтор барын анықтаған. Дегенмен, ауыл жұршылығы жергілікті атқамінерлер бұл мәселеге қатысты ешқандай әрекет жасамай отыр дейді.

«Өтініш, басшыларымыз, әкімдеріміз бізге жағдай жасап, суымызды тартып берсін. Өйткені, ол суға бәленбай миллиондаған ақша бөлініп жатыр. Оны жылдық есеп бергенде аудан әкімдері, ауыл әкімдері өздері айтып отыр. Ал ол қайда? Өздері айтады, өздері жоқ қылады», – дейді Жылы Бұлақ ауылының тұрғыны Сағымбала Табылдинова.

Аталған құдық суында фтор мөлшері шамадан тыс екенін аудандық әкімдіктің өкілдері де растап отыр. Бірақ, аудан әкімінің орынбасары бұл тұрғындар үшін аса қауіпті емес дейді. Қаратал ауданындағы 35 елдімекеннің 94 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Шенді кезек Жылы Бұлақ ауылына да жететінін айтады.

«Үштөбе қаласынан Жылы Бұлақ ауылына 12 жарым шақырым құбыр тартамыз деген жобамыз бар. Бұған 2017 жылы 23 миллион теңге бөлініп жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Бұл 2018 жылы бітті. Оны сараптамаға бергенеге үлгермей қалдық. Қазіргі кезде бердік. Ақпан айының аяғында қорытындысы шығады. Сосын қосымша ақша бөлініп, суын тартып, биыл қосып береміз деген жоспар бар», – дейді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев.

Алайда, ширек ғасырдан астам құдықтан су ішіп жатқан Жылы Бұлақ тұрғындары жауаптылардың мұндай уәдесіне сенбейтіндерін жеткізді. Айтуларынша, Ақ Бұлақ бағдарламасы бойынша ауылға су тарту үшін бюджеттен әлдеқашан ақша бөлініп қойған. Сол себепті, облыс басшысы мәселені жіті бақылауына алып, ауыз су мәселесін шешіп берсе дейді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау