Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ІІМ вице-министрі бұрынғы басшысының қамауға алынғанына қатысты пікір білдіруден бас тартты

Ішкі істер министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Қожаев бұрынғы министр Ерлан Тұрғымбаев қаңтар оқиғасы кезінде расында өкілетін асыра пайдаланды ма деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

“Тұрғымбаев бойынша пікір бермеймін, басқа орган тергеп жатыр. Прокуратура толық пікір беріп қойды”, – деді министр орынбасары сенат кулуарында. 

Сонымен қатар мәжіліс кулуарында журналистер ішкі істер вице-министрі Айдос Рысбаевтан осы мәселеге байланысты пікір білдіруді сұрады. 

“Мен ештеңе айта алмаймын. Бұл мәселемен басқа орган айналысып жатыр”, – деп жауап берді министр орынбасары. 

Қожаев 2019 жылғы сәуірден бері ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. Сәйкесінше “Қанды қаңтар” кезінде ол Тұрғымбаевтың орынбасары болған.

Айта кетейік, Қазақстанның бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасы ісі бойынша ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Бас прокуратураның мәліметінше, Ерлан Тұрғымбаев 2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстанның Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталған

"Қылмыстық істе мемлекеттік құпиядан тұратын мәліметтер болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды. Мемлекеттік құпиялардан тұратын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚІЖК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген", – делінген хабарламада.

Талқылау