Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Голливуд продюсерлері Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсірмекші

Қазақстандық Moviq кинокомпаниясы Кери Гранат және Эд Джонс голливуд продюсерлерімен бірлесіп Әміре Қашаубаев жайлы фильм түсіргелі жатыр.

photo_23352

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Әміре Қашаубаевтың шығармашылығы, оның Еуропа елінде қазақ әнін әуелеткен тұңғыш әнші екені фильм желісіне арқау болады. 1925 жылы Парижде өткен EXPO-1925 көрмесінде ол қазақтың “Ағаш аяқ”, “Қанапия”, “Жалғыз арша”, “Үш дос” секілді халық әндерін орындап, күміс жүлде алған еді. Картинада әншінің орындауындағы 8 ән таңдалып алынған.

Кинокомпания өкілдерінің айтуынша, фильм түсірілімі сәуір айынан басталады. Түсірілімнің басым көпшілігі Еуропада, кейбірі Алматыда өтеді. Фильм шетелдік, қазақстандық прокатқа шығады.

Аталған фильм ағылшын тілінде шығады. Сондықтан басты рөлді сомдаушы актердің ағылшын тілін білуі шарт. Cast.kz орталығы 1 желтоқсаннан бастап басты рольде ойнайтын актерге кастинг жариялаған болатын.  Фильмді түсіруге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен “Қазақфильм” киностудиясы қолдау білдірді.

Әншінің ролін сомдаушы актер 25 пен 40 жас аралығында болуы, ағылшын тілін Upper Intermediate деңгейінде білуі, қазақ әндерін шебер орындай алу және домбырада ойнай білуі керек. Сондай-ақ, актерлік шеберлігі жоғары болуы тиіс.

Талқылау