Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жатақханаға мұқтаж қазақстандық студенттер хостелдерге орналастырылатын болады

Қазақстандық жоғары оқу орындары жатақхана қажеттілігін хостелдерді жалға алу арқылы шешуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Еліміздегі ЖОО-лар жатақханаға мұқтаж студенттер үшін хостелдер жалдайтын болады

«Бүгінгі таңда Астана мен Алматыда оқу орындары студенттерін өз жатақханаларына орналастыра алмаса, бұл мәселені тұруға жағдай жасалған бөлмелерді жалға алу арқылы шешеді. Мысалы, Астанада колледждердегі жатақхана қажеттілігін қаладағы хостелдерді жалға алу арқылы шешуге тырысуда. Яғни бұл оқу орны мен жеке меншік иесі арасындағы қарым-қатынас», – дейді Бибігүл Асылова.

Оның сөзінше, Алматыдағы және басқа да өңірлердегі көптеген ЖОО бұл мәселені ғимаратты жалға алу арқылы шешпек.

«Жоба бойынша, біз ешкімді шектемейміз. Біздің Құрылыс істері жөніндегі комитет берген типтік 3 жобамыз бар. ЖОО өзі шешеді. Яғни бұл мәселені қамқоршылық, қадағалау кеңестері шешеді. Егер ЖОО меке меншік болса, құрылтайшылар кеңесі шешетін болады. Олар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін білуі тиіс. Біз төсек-орын шығынын жайғастырамыз. Яғни олар өздерінде 20 жыл бойы белгілі контингент болатынын білуі керек», – дейді Бибігүл Асылова.

Вице-министрдің сөзінше, келісім шарт 20 жылға жасалатын болады.

«Олар өздерінің жатақханасының 20 жыл бойы толы болатынын білуі қажет. Егер ол толмаса, оқу орнына қатер төнеді. Себебі мемлекет адам толмаған жатақханаларды қаржыландырмайды. Сондықтан әр оқу орны өз мүмкіндігіне қарай жобаларды қарастырып, жатақхана құрылысын бастайды», – дейді Бибігүл Асылова.

Сонымен қатар БҒМ өкілі жатақхана құрылысына қатысты белгілі талаптар бар екенін атап өтті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау