Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елiмiзде зейнеткерлер мен студенттер табысы туралы қысқаша декларация тапсырады

Елiмiзде жалпыға бiрдей декларациялауға кезең-кезеңiмен көшу жоспарланып отыр. 2017 жылдан бастап мемлекеттiк қызметшiлер, депутаттар, ұлттық компания, холдингтердiң әкiмшiлiк персоналы, мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң қызметкерлерi декларация тапсырады.

Декларация-ТР-ТС-600x400

Бұл туралы BNews.kz  хабарлайды.

Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елiмiздiң қалған халқы осы жүйеге кiретiн болады. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте ҚР Қаржы министрiнiң мiндетiн атқарушы Ардақ Теңгебаев айтты деп хабарлайды

«Жалпыға бiрдей декларациялауға көшудiң мақсаты – көлеңкелi экономикаға және сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы күрес үшiн жеке тұлғалардың кiрiстерi мен мүлкiн тиiмдi бақылау жүйесiн құру, сондай-ақ салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жиналуын қамтамасыз етуде мемлекеттiң рөлiн күшейту. Жалпыға бiрдей декларациялау, атап айтқанда, барлық кәмелетке толған азаматтарға, оралмандарға және тұруға ықтияр хаты бар адамдарға қатысты болады. Өз кезегiнде тек мүлкi болған немесе табыстарын қазақстандық көздерден алған жағдайда ғана кәмелетке толмаған және шетелдiк азаматтарға да қатысты болады», – дедi Теңгебаев.

Тұтас алғанда, жалпыға бiрдей декларациялауға көшу 2017 және 2020 жылы декларация тапсыру мiндетi жүктелген адамдардың тобына қарай кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады.

«2017 жылдың 1 қаңтарынан басталатын бiрiншi кезеңде жалпыға бiрдей декларациялау субъектiлерi келесi тұлғалар болып табылады: сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңда айқындалған тұлғалар және олардың жұбайлары. Олар қазiр де декларация тапсыратын тұлғалар – мемлекеттiк қызметшiлер, депутаттар, соттар, ұлттық банк қызметкерлерi. Келесi тұлғалар – ұлттық компания, холдингтердiң әкiмшiлiк персоналы. Үшiншi топ – мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң қызметкерлерi. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елiмiздiң қалған халқы осы жүйеге кiретiн болады», – дедi ол.

Жалпы, бiрiншi кезеңде 1,8 млн адам декларация тапсыратын болады. Екiншi кезеңде шамамен 11 млн адам осы жүйеге қосылады деп болжанып отыр.

«Бастапқы декларацияда жеке тұлғаның меншiк құқығында бар мүлкi туралы, сондай-ақ талаптар мен мiндеттемелер жөнiнде мәлiметтердi көрсету қажет. Кейiннен халық жыл сайынғы табысы, сатып алған немесе сатқан мүлкi туралы декларация тапсыратын болады. Бұл ретте, жалақы, зейнетақы, стипендия ғана алатын зейнеткерлер, студенттер, жалдамалы жұмыскерлер ешбiр сансыз бiр парақтағы қысқаша декларация тапсыруға мүмкiндiк алады. Егер адамның кiрiс көзiнiң аясы кеңiрек болса, онда ол толық декларация тапсыруы тиiс», – дедi Теңгебаев.

Оның атап өтуiнше, алдын ала деректер бойынша, декларация тапсыруға мiндеттi адамдардың жалпы санының 70 пайызы қысқаша декларация тапсыратын болады.

Жіберіп алмаңыз:

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат етуі мүмкін

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинақтарын мерзімінен бұрын алуы мүмкін

 

Талқылау