Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әскерде борыш өтеу мерзімі тағы қысқармақ па?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір төртінші ер азамат түрлі сылтау айтып, әскер қатарына барғысы келмейді екен. Көпшілігі бір жыл казармадан шықпай, үйінен жырақта жүруді құр уақыт жоғалту деп есептейді.

Ел қалқаны боларлық жігіттер осылай деп айла тәсілге басса ертең мемлекет басына күн туғанда шекарамызды кім берік ұстайды? Жоқ, әлде бүгінгі әскерімізде болып жатқан түрлі оқыс-оқиғалар онсыз да буыны қатпаған жасөспірімдердің бойында үрей қалыптастырған ба? Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Ел әскеріндегі командирлер мен келісімшарт қызметкерлері өз-өздерімен жаға жыртысуда. Желідегін видеолардан мұны көрген жастардың әскерге бару құлшынысы азайып кетпесіне кім кепіл? Тіпті, елімізде 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери борыш өтеу мерзімі бір жылға дейін қысқарғанымен, соның өзін көпсінетіндер баршылық. Оны жастардың ойын сұрастыра келе байқадық. Көпшілігі 1 жыл таңғы 6 да тұрудың орнына, 40 күндік әскери техникалық мектептерді құп көреді. Оны да оқу оңай емес, қазір талапкерлердің көптігінен, мұндай «бақыт» 24 жастан асқандарға бұйырады екен.

«Негізінде армияға 18 жастан бастап шақырады. Мені де мектеп кезінен шақырған. Менде, өзімде денсаулығыма байланысты проблемалар болды, сол үшін бара алмадым. Қазір военный учетта тұрмын», – дейді жас жігіт.

Қала тұрғыны Ырыстанбек Оспанов қазіргі жастар әскер десе үрейлене қарайды, қашқақтайтындар көбейді дейді.

«Осыдан екі жыл алдын біз әскерге құжат жинағанда түрлі жастардың әскерге бармаудың жолын іздеп, әскерден қашқақтап, түрлі айла тәсілдерге салғанын көрдік. Негізі бұл дұрыс емес, әр ер азамат өз Отанын сүю керек. Ел шекарасын қорғау міндетті», – дейді қала тұрғыны Ырыстанбек Оспанов.

Ашық деректерге сүйенсек, еліміздегі әскер саны – 109 мың адамнан астам. Бұл барлық қызметкерлер санын қоса есептегенде. Ал, халық қалаулылары әскерге баруға құлқы жоқ жастар көбейген жағдайда, онда мерзімді қызмет уақытын 6 айға дейін қысқарту жағын қарастыру қажет деген пікірде.

«Жалпы мен ойлаймын, осы балаларды жастарды әскери дайындықтан өткізу үшін, осы әскери мектептерде соларды аз уақыттың ішінде дайындықтан өткізуді жүзеге асыруымыз қажет. Ол міндетті түрде екі жыл немесе бір жыл әскерде қызмет істеу мүмкін емес болатын болса, онда әскери дайындықтан өту керек. Әр жас, әр қазақтың азаматы өз Отанын қорғауға дайын болу керек» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Жылына екі рет тек сайдың тасындай іріктелген нағыз ер жігіттерді армияға аттандыратын қалалық комиссариат басшылары уақыт өте келе жастардың ұсақталып бара жатқанын алға тартады. Тіпті, түрлі сылтау айтып барғысы келмейтіндігін, құр бекерге уақыт жоғалтатындығын айтып ақталады екен. Ал, ондайларға погондылар заңмен жаза да қарастырылғанын ескертеді. Соған қарамастан, биыл бас қаладан әскер қатарына 800-ден астам бозбала алынбақ.

«Біз шақырылатын бозбаланы 17 жасынан алдын-ала зерделейміз. Оны шақырылым учаскесіне тіркейміз. Кәмелет жасына толғаннан соң, сол арқылы әскер қатарына шақырамыз. Егерде, жігіт шақыруды елемей, әскери комиссариатқа келмеген жағдайда оған әкімшілік жаза және 2 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынады» – дейді қалалық қорғаныс департаменті басшысының орынбасары Марат Есенов.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, сонда да болса бойында Отанына деген патриоттық сезімі бар жастар баршылық. Оны медициналық комиссиядан өтіп жатқан жігіттермен сөйлесу барысында байқадық.

«19 жастамын. Әскерге өз еркіммен барғым келеді. Денсаулығым жақсы» – дейді әскер қатарына шақырылушы Ерасыл Жайсаңбай.

Ата заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті”, – деп тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Әр ер жігіт жеке басының мүддесі үшін елін, жерін қорғаудан бас тартса іргеміз сөгілері анық. Сондықтан, әскерге барудан бас тарту құптарлық іс емес дейді жауаптылар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау