Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елбасы сайлауда өз таңдауын жасады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісі және елорда мәслихаты депутаттары сайлауында дауыс берді.

Безымянный

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқа саяси жүйеге ауысу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл туралы Мемлекет басшысы дауыс беру рәсімінен кейін тілшілерге берген сұхбатында мәлім етті.

Қазақстанда бес институционалды реформа жүзеге асырылып жатқанына тоқталған Президент, оған сәйкес Үкімет және жергілікті атқарушы органдар халыққа есеп беруге міндетті болғанын еске салып өтті.

«Жергілікті жерлерде әрбір әкім, Үкіметтің әр министрі жыл сайын халық алдында есеп береді және олардың барлық шешімдері бұқаралық ақпарат құралдары мен халық үшін ашық болуы тиіс»,- деді Н. Назарбаев.

Ал саяси жүйеде өзгерістер тұрғысында Президент бұл мәселе ҚР Ата Заңына қатысты екенін атап өтті. Осы орайда Елбасы Конституцияны халық референдумда қабылдағанын және халық осы мәселені өзі шешетінін жеткізді.

«Өзгерістер болуы қажет. Қазақстанда биліктің президенттік жүйесі бар. Президент, Парламент және Үкімет тармақтары арасындағы билікті қайта бөлу бойынша сөз қозғалуы мүмкін. Біз бұл бағытта ойланып жатырмыз. Ал бұл жағдай орын алғанда, экономикадағы, әлемдегі, елдің ішіндегі ахуал бойынша қарайтын боламыз. Басқарудың басқа жүйесіне ауысу қажет деген қалау болса, біз осы тұрғыда өте байыппен ойланамыз және ойланып жатырмыз», – деп түйіндеді Президент.

 

Талқылау