Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Динара Тілендиеваға қатысты тағы да шу шықты

Белгілі әнші, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушылардың бірі Ермек Әбілдаев Нұрғиса Тілендиевтің қызы, бас дирижер Динара Тілендиеваға қатысты мәдениет министріне ашық хат жазды.

image1

Ермек Әбілдаев хатында Нұрғиса Тілендиевпен бірге оркестр әншісі болып 18 жыл бірге істескенін, оркестрде 32 жыл еңбек атқарғанын баяндай келе, қазіргі бас дирижер Динара Тілендиеваның оны шығармашылық ұжымға жолатпай қойғанына шағымданады.

Бұл туралы “Қала мен дала” басылымы хабарлайды.

Әншінің айтуынша, ол Нұрғиса Тілендиевтің басқаруымен бірнеше дүркін жеке шығармашылық концертін өткізген. Оркестрге қатысты мәселелерде әрдайым атсалысып келгенін айтады.

“Шынын айтатын болсам, ендігі мәселе Динараға (Дінзухра) байланысты. Оны жұмысқа алу оңай болмады. Филармония әкімшілігі және коллектив оны еш қолдамады”, – дейді Әбілдаев жазбасында.

Ермек Әбілдаев Мұхтар Құлмұхаммед мәдениет министрі болып тұрғанда, Динара Тілендиеваны “Отырар сазының” бас дирижері етіп сайлауға өзі атсалысқан көрінеді. Тіпті филармония ұжымының қарсылығына қарамастан, Динара министрдің алдында өнер көрсетуі үшін “қасарысып тұрып алған”.

“Қайтсек те Динараны министрге көрсетуіміз» керек дедім. Филармония әкімшілігі «оны министрге көрсетуге болмайды, шикі, тәжірибесі жоқ ұятқа қаламыз» деп шықты. Мен қасарысып тұрып алған соң, шықса да «Ата толғауымен» шықсын деді. «Жоқ! Махамбетпен шығады», дедім. Оған өзі дайындалған. Мемлекеттік емтиханда дирижерлық жасаған”, – деген әнші хатында.

“Бұл Тілендиевтің оркестрі, Динара – Тілендиевтің қызы. Сондықтан бүгіннен бастап, оркестрдің бастығы Динара болады», –деді. Біз қуанып кеттік”, – деп әңгімесін жалғастырды Ермек Әбілдаев.
Динараның бас дирижер болуына белсене кіріскен әнші енді Тілендиевтің қызы өзін оркестрдің концерттеріне қатыстырмайтынына кейіген. Тіпті Нұрғисаның 90-жылдығына арналған кеште де Ермек Әбілдаев сахнаға шыға алмапты.

“«Күшікті асырап бақтым, ит болып өзімді қапты» демекші… Тағы бір мәселені айта кетейін. 1985 жылы – Динара дүниеге келген жылы – Нұрағаң біздің үйге келді. Одан бұрында бір себептермен Нұрағаң үйіне қонбай оншақты күн біздің үйде жатты”,-деп әнші Тілендиевпен достықта болған жақын қарым-қатынастарын айта кетеді.

“Ол кісіні менің жұбайым марқұм Р. Шаушиева (ол да кәсіби әнші,Халықаралық әншілер конкурсының лауреаты ұлағатты ұстаз болатын) өте жақсы күтті. Рысқанды келінім деп жақсы көруші еді. Дахада сүт жоқ, Динараны емізу үшін тек саған келдім, басқа ешкімге сенбеймін деді. Ол кезде балаларымыз кішкентай арасы бір жастан болатын, ең үлкені үш жаста еді”,-дейді әнші.

“Соған қарамай Рысхан мархұм үшеуін жетектеп алып, күнде барып Динараны бір айдай емізді. Ол мархұм Рысханның ақ сүтін ақтамады”,-дейді әнші.

“Қай жағынан алсаңыз да, Нұрағаңмен екеуінің арасы жер мен көктей.
Мүлдем Нұрағаңнан тумаған сияқты! Нұрағаңның бірде-бір қасиеті оған дарымаған”, – дейді әнші.

Әншінің айтуынша, Нұрғиса Тілендиев концертке дайындықсыз ешқашан шыққан емес. Динара болса өзінің творчестволық деңгейіне қарамастан, концертке еш дайындықсыз шыға береді екен. Жұмысқа айлап келмейді. Ұжыммен жұмысы жоқ, коллектив туралы ойланбайтын көрінеді.

Жазбасының соңында Ермек Әбілдаев министрден «Отырар сазы» оркестрімен жеке шығармашылық концертін өткізуге қолдау көрсетуін сұраған.

Талқылау