Денесінің 50 пайызы қатерлі ісікпен зақымдалған сәбидің анасы дәрігерлер үшін опық жегенін айтты
Бір жарым жасар Алима Көпейдің дерті қазақстандықтардың жүрегін қозғады. Оның жағдайына бей-жай қарай алмаған көпшілік ақша жинап, еміне көмектесуде. Кішкентай қыздың денесінің 50 пайызы қатерлі ісікпен зақымдалған, деп хабарлайды Stan.kz.
«Наурыз айының басында қызым диванның аяғына құйымшағымен құлап қалды. Қатты жылап, тыныштала алмағаны есімде. Мұнан кейін бұл жағдайды ұмытып кеттік. Алайда Астанаға кетіп бара жатқанда, оның құйымшағында бірдеңенің дұрыс емес екенін байқадым. Хирургке қаратқаныммен, ол бәрі дұрыс екенін айтты», – деп жазды қыздың анасы Instagram-парақшасында.
Мұнан кейін де кішкентай Алима көп жылап, мазасызданғандықтан, анасы оны көптеген емдеу мекемелеріне апарып қаратқан. Алайда дәрігерлердің бәрінің қорытындысы бір болған: бәрі дұрыс.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін әйел қызының төменгі жағын жуғанда, оның ауырсынатынын байқаған. Мұнан кейін ол қызын Тау Сұңқар орталығына алып барыпты. Алайда қыздың жағдайын көрген дәрігердің өңі бұзылып, бірден хирургке жіберген. Өз кезегінде ол №1 қалалық ауруханаға сілтеген. Ал ауруханадағы дәрігерлер қыздың денесінде ісік бар екенін анықтаған. Мұндай хабардан есеңгіреп қалған анасы отандық дәрігерлерден көңілі қалып, бірден Кореяға аттануды ұйғарыпты.
«Менің көңіл-күйім жақсы болды. Әйтеуір қызымды сенімді дәрігерлерге тапсыра алатыныма қуандым. Алайда бізді онкологиялық орталыққа жатқызғанда, қатты таңғалдым. Дәрігерлер денесінде ісік барлардың барлығын осы орталыққа әкелетінін, мұнан кейін ісіктің түрін анықтайтынын айтты. Артынша талдау жасата бастадық. Алима не болып жатқанын түсінбеді. Мені қатты құшақтап, жылайтын. Ал мен жалғыз келгеніме өкіндім. Бірінші күні қан тапсырып, рентген мен УДЗ-ға түскеннен кейін дәрігер қызымның қаны нашар, альфа-көрсеткіші өте жоғары екенін, рентгенде өкпесінде дақтар байқалғанын, ал УДЗ 6-7 сантиметрлік ісік барын көрсеткенін айтты», – деп еске алады Алиманың анасы.
Мұнан кейін ол елден күйеуін шақыртып, ғаламтордан қатерлі ісік туралы мәліметтерді қарастыра бастаған. Артынша дәрігерлер қызға бірден химиотерапия алу керек екенін айтыпты.
«Баламның күн санап нашарлап бара жатқанын көрдім. Дәрігерлер шағын ота жасап, кеудесіне катетер орнатты. Мұнан кейін химияны бастады. Артынша талдау нәтижесін білуге барған күйеуім жағдайдың мүлдем нашар екенін маған әрең жеткізді. Күйеуім егер дәрігерлердің болжамдары жағымсыз болса, Германияға емделуге баратынымызды айтты. Алайда бізге химиотерапия курсын аяқтау керек. Осы күндері Алимаға 12 сағат бойы тамақ, су ішуге болмайды. Ол емгісі келеді. Бірақ мен болмайтынын айтқанда, ол тыныш қана ұйықтап қалады. Қызымның мықтылығына таңдандым.
Ендігі дәрігерлерге сеніп, көп уақыт жоғалтып алғаным үшін өзімді жазғырамын», – дейді Алиманың анасы.
Алайда бұл отбасының басындағы қиындық арқылы алаяқтар өз қалтасын томпайтқысы келген.
Қыздың әкесі Алтай Көпейдің сөзінше, қазақстандықтар олардың өтінішіне бей-жай қарамай, бір тәуліктің ішінде банктегі шотына 14 миллион теңге түскен.
«Алиманың жағдайы ауыр. Ол кешеден бері химиотерапия алып жатыр. Соңғы 24 сағатта бір сағат қана ояу болды. Қатты ісініп кетті. Қазір химиотерапиядан жанама әсер пайда бола бастады. Біз Сеулдегі клиникада емделіп жатырмыз. Алайда дәрігерлер қызымыздың жазылып кететіне кепіл бере алмай отыр. Сондықтан Италия, Испания, АҚШ және Германиядан қосымша нұсқалар қарастырудамыз. Қазір Мюнхендегі клиникадан жауап алдық. Олар скрипингтің нәтижесін күтіп отыр. Мұнан кейін қызымдызды емдей алатын-алмайтынын айтады. Германиядағы емнің құны орташа есеппен 100 мың еуродан басталады. Ақшаны бірден шотқа аудару керек. Сондықтан біз жылдам ақша жинай бастадық», – дейді қыздың әкесі.
Оның сөзінше, жақында ол өзінің әйелінің атынан әрекет етіп жүрген алаяқтар туралы хабардар болған.
«Көбісі біздің Қырғызстан, Ресейден шот ашқанымызды айтып жатыр. Біз ол жақтан шот ашқан емеспіз. Тек өз шотымызды қолданып жатырмыз. Өзгенің қайғысынан өзіне пайда тапқысы келетін адамдарды түсінбеймін. Мен оларды кінәламамын. Бұл әркімнің өз ісі. Алайда қазақстандықтардың алаяқтарға алданып қалғанын қаламаймын, сол үшін ескертіп отырмын. Тек менің Instagram парақшамдағы шот нөмірі ғана дұрыс», – дейді Алтай Көпей.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта қызының қамымен жүргендіктен, әзірге құқық қорғау органдарына шағымданбайтынын айтты.
«Мен, менің жұбайым мен жақындарым бұл жағдайды бақылауға тырсып жатырмыз. Бірақ біз ешқашан көпшіліктен ақша жинап көрмеппіз. Әр суретке белгі қою керек екінін білмеген екенбіз. Қазір хештегсіз салынған материалдарды өшіре бастадым», – дейді Алтай.
Оқи отырыңыз:
АЭФ-тің тікелей эфирі кезінде ер адам тележүргізушінің бетінен сүйіп алды (видео)
Танымал қазақ альпинисі екінші мәрте Эверест шыңын бағындырды