Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дағдарысқа байланысты 2015 жылы әншілердің табыс көзі азайған

Осы жылы бүкіләлемдік дағдарыс Қазақстанға да ауыр тиді. Доллардың бағамы күрт өсіп, той-томалақ, отырыстар азайды. Бұл жағдай біздің өнер иелеріне қалай әсер етті екен? Мұны тілшіміз білген болатын.

 мейрамбек

Мейрамбек Беспаев, “МузАрт” тобының әншісі:

Қалай болса да елмен біргеміз. Халықтың жағдайы қалай болады деп алаңдап отырмыз. Біз бұрыннан той-жиынға көп бармаймыз ғой, сондықтан білінбейтін сияқты. Қазақ қандай қиындық болса да той жасаған. Сол тойдан айырмасын.

сакен

Сәкен Майғазиев, “МузАрт” тобының әншісі:

– Қасиетті Құранда жазылып қойған, Алла Тағала берген ризықтан артық не кем ешкім жей алмайды. Сол себепті қиындықты долларға, дағдарысқа бұрудың қажеті жоқ. Мен мұны кез келген адамның жасаған қателіктерінің жазасы деп қабылдаймын. Өз басым өмірімде жолым болмай, бір нәрсеге ұрынып қалсам, өзімнің жасаған күнәларымнан  көремін. Мұны мен Алла Тағаланың берген ризығы ретінде қараймын. Бірақ, әрине бұрынғыға қарағанда бір жылдың екінші жартысынан бастап жұмысымыз саябырси бастады. Жалғыз біздің емес, өнерден бөлек, саудада да солай деп ойлаймын. Біздің жылауымызға, қол қусырып отыруымызға негіз жоқ. Шығармашылығымыз, өзіміздің студиямыз бар. Бейбітшіліктің арқасында аз-кем жетістіктерге жеттік. Соған шүкіршілік қыламыз.

кенжебек

Кенжебек Жанәбілов, “МузАрт” тобының әншісі

– Біз өнер адамы, саясатқа ешқандай қатысымыз жоқ. Өз тірлігімізді істеп жүрміз. Бізге доллардың көтерілгені немесе түскені қатты әсер етпейді. Біз қанша табыс тапсақ, соған шүкірлік етеміз. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы. Басқа мемлекеттерге қарағанда, Аллаға шүкір біздің еліміздің киімі бүтін, тамағы тоқ  деп ойлаймын. Әрине, осы жылы қаржымыз азайды, бірақ бұл маңызды емес. Ақша жоқ деп біз өнерді тастап кетпейміз ғой. Өнер адамы болып туылған соң, өнерді  соңына дейін дәріптеуіміз керек.

айгл

Айгүл Иманбаева:

Мемлекетте болып жатқан нәрсе бізге де әсер етеді. Енді оның бәрін жіктеп отырудың қажеті жоқ.

fkb

Әли Оқапов:

Білмеймін енді, біз әртіс болсақ та, әнші болсақ та, біз де халықпыз. Біздің жұмысымыз бар, біздің де айлығымыз бар. Әрине көңіл күй түсіп, тоқтап, ыдырап кетеміз деген жоқ. Дағдарыс бірінші рет емес, екінші рет. Көргенбіз, басымыздан өткен нәрсе. Екіншіден, жақын досым Әлішер Кәримов «Халық үшін қызмет етсең, халық сенің қарныңды тойдырады» деген әдемі сөз айтты. Менде осы жыл болсын, келесі жыл болсын бәрі жақсы болады деп ойлаймын, үміттенемін. Сахнада жүрміз, жұмысымыз бар. Шүкір.

 

Талқылау