Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір топ зиялы қауым Сағадиевтің бастамасына қарсы шығып, президентке ашық хат жолдады

“Үш тілді оқыту” тағы сынға ұшырады. Бүгін бір топ зиялы қауым Білім және ғылым министрлігінің бастамасына қарсы шығып, президентке тағы бір ашық хат жолдады. Жалпы білімді өзге тілде оқу балалардың сауатсыздығына әкеледі деген белсенділер, ағылшын тілінің сағатын арттырсын деген балама ұсынып отыр.

ыссы

Сурет so-l.ru

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Сондай-ақ зиялы қауым офшордан шоты табылған Ерлан Сағадиевты президент айтса да, әлі күнге дейін бізбен ақылдасуға асықпайды деп айыптады.

Астанадағы ғылым мен шығармашылық саласындағы зиялылардың бір тобы бүгін ашық хаттарын газет пен интернетке ғана жариялайтын дәстүрді бұзып, ақордаға өздері алып келді. Басты талап: онсыз да қазақ тілінің дамуы кешеуілдеп тұрған шақта жас ұрпақты тағы да тәжірибе объектісіне айналдырмау.

“Неге үнемі бізге, қазақ халқына тәжірибе жасай береді. 70 жыл совет одағында үнемі бізге эксперимент жасалды, бұл тоқтамайды ма? 25 жыл ішінде біз балаларымызды қазақ қыла алмадық. Енді орыс қыламыз ба, ағылшын қыламыз ба? Ақылсыздық. Сондықтан бізбен неге санаспайды”? – дейді «Мемлекеттік тіл» қоғамдық ұйымы өкілі Жұмамұрат Шәмші.

“Негізгі білімді басқа тілде оқыту балаларды сауатсыздыққа ұрындырады» дейді наразы топ. Онсыз да базалық пәндерді ағылшын тілінде оқытатын маман тапшы, оны түсінетін де оқушы жоқ. Сондықтан зиялы қауым оның орнына ағылшын тілінің сағатын арттырып, курстарды міндеттеуді ұсынды.

“Малайзия, Сингапур, Филиппин елдерінің жүйесін көшіріп отырған сияқтымыз. Бірақ олар қайдан шықты, біз қайдан шыққанымызды есте ұстау керек. Ал біз бодан болғанда тілімізден, салтымыздан айырды. Енді тәуелсіздік жылдары қайта мемлекеттік тілді дамытып жатқан кезде тұтқиылдан үштұғырлы тілді жүзеге асырамыз деу қайта қалыптасып келе жатқан мемлекеттік тілді жойып алуы мүмкін” – дейді ҚР Мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы.

Еңбек, сурет, музыка пәндерінен бір мұғалім беріп, «әмбебап ұстаз» жасамақшы министр бастамасынан да белсенділер шошып отыр. Министр Сағадиевтің өзі “зиялылардың балалары шетелде ағылшынша білім алады. Қарапайым халықтың баласы неге солар сияқты ағылшынша оқымасқа?” деп, олардың алғашқы хатына қысқаша жауап айтқан еді. Ал депутаттар министрдің реформасын қолдағанымен, оның мерзімі жөнінен зиялылар пікірімен келісетіндей.

“Қандай жұмысты бұрынғы революциялық әдіспен емес, көкейге қонымды эволюциялық жолмен жүру керек. Біз халқымыздың үштілді болуын қолдаймыз. Ол жұмыстың негізі мектеп қабырғасында қалануы керектігін қолдаймыз. Мерзімі жөнінде көп ойлану керек, асығыстыққа бармау керек”, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

Депутат мұғалім ағылшынша сабақ бере алу деңгейіне жеткенде, оқушы шет тіліндегі дәрісті түсіне алатын кезде ғана реформа жайында сөз қозғау керек дейді. Ал күні кеше аймақтарды аралап «мәңгілік елді» түсіндіріп келген мәжілісмен Айгүл Нұркина жаңа реформаларды ұғындыру үшін елді-мекендерге қайта шығуға қарсы емес екен.

“Сұхбат беру былай тұрсын, ауыл-аймақты аралып халықпен кездесу тіпті басқа. Министр, депутаттар халық ішін аралап, сұрақтарына жауап беріп, ата-аналардың ұсыныстарын естіп қайтуы тиіс”, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина.

Хатты президентке жолдаған топ Сағадиевке сын айтты. Зиялы қауым президент қанша айтса да, министр “бізбен ақылдасуға тырыспады, хабарласпады” деп ренжулі.

Талқылау