Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан: Жұлдызды арақ стаканына салып, түбіне дейін ішуді дәстүр деп жүргендер бар

Ел шетін күзетіп, отан қорғайтын әскери курсанттар мен сарбаздар  тамаққа жарымай жүр. Мұны Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың өзі жария етті. Бекітілген норма бойынша әрбір әскери күніне 1 225 теңгеге үш мәзгіл тамақтануы тиіс. Алайда, тендерлік конкурс кезінде кәсіпкерлер бағаны 600-700  теңгеге дейін түсіріп, ұтып алады екен.

Мұны естіген Мәжіліс депутаттары жағасын ұстады. Қорғаныс саласында түйткілді мәселе көп болып шықты. Тіпті, әскери ұшқыштар да қызметін тастап, әуе компанияларына кетіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Стақанның түбіне жұлдыз салып, түбіне дейін ішу деген бар, аузына келгеннді оттап, боқтауды дәстүр деп таңып жүргендер бар» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, бұған дейін шенінің жоғарылағанын ащы сумен тойлаған полиция қызметкерлерінің әрекеті елді шошытқан еді. Мәжіліс депутатының меңзеп отыраны да сол. 

Депутаттар қорғаныс саласындағы бірқатар кем-кетікті  Мәжілістегі Үкімет сағатына келген қорғаныс министрінің бетіне басты. Ең алдымен тәртіп пен тәрбие.

«Кеңес дәуірінде әскерге барған жігітке ерекше құрмет көрсетілетін, ортақ идеология, рухты әндер болатын»  деп бұрынғыны еске алған Бекболат Тілеухан  кеңес Армиясы мен қазақ әскерін салыстырып сөйледі. Өзгермеген бір үрдіс бар. Ол бұрынғы және бүгінгі әскерилердің боқтап сөйлейтіні.

Әскери білім беруді дамыту жайында сала құлаш баяндама жасаған Қорғаныс министріне мәжілісмен сарбаздарды  атқа мінгізіп үйретейік деген ұсыныс жасады.

«Совет кезінде Куликова шайқасын әрбір солдат білетін еді. Бізде өкінішті, жеткілікті дәрежеде емес. Аңырақай шайқасы туралы идеология жүріп жатыр ма, айтуға ауыз бармайды. Сондықтан, министр мырза, Ақтөбеде қыздар садақ атудан жарысып жатыр дейді, жігіттер атқа мінуді үйренсе, көкпарға қатысса қандай жарасымды» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Қашанда бюджеттің әр тиынын санап, қазына қаржысын қызғыштай қорғайтын депутат Омархан Өксікбаев та қыруар қаржы бөлінсе де, қорғаныс саласын жемқорлық жайлағанына кіжінді.

«Біз әсіресе осы қорғаныс министрлігін кейінгі кезде қатты еркелетіп жатырмыз. Оларға молынан көңіл бөліп отырмыз. Қаражатты да төгіп жатырмыз. Патриоттық дайындыққа келгенде менің аса дауым жоқ. Оның жастарға бағытталып отырғаны көрініп отыр. Ол да дұрыс шығар. Жастарды тәрбиелеуіміз керек. Бірақ ,соның ішінде , генералдарымыз сол патриоттық сезімді жоғалтып алған сияқты. Жылдап, кейде топтап сотталып жатады. Мен ойлаймын оларды да сол кішкене тәрбиеге бет бұрыс жасап, тәрбиелеуіміз керек қой деймін» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутатыт Омархан Өксікбаев.

Тек мәжілісмендер емес, қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов та  өзі басқаратын саладағы бірқатар кемшілікті депутаттарға жайып салды.  Мәселен, әскери сарбаздар мен курсанттар күніне 1 225 теңгеге үш мезгіл тамақтануы тиіс. Бірақ азық-түлікпен қамтуы тиіс кәсіпкерлер тендер кезінде бағаны 700 теңгеге дейін төмендетеді екен. Мұндай қаржыға үнемі қозғалыста жүретін әскери адамды тамақтандыру мүмкін емес, дейді  Сәкен Жасұзақов. Бұл мәселені Үкімет басшысы да біледі. Себебі, Қорғаныс министрі оның атына хат та жазған. Бірақ әлі шешілген жоқ.  Мұны естіген депутаттар мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгеріс енгізу керек деп шулады.

«Қазір мемлекеттік сатып алулар туралы заң бізде жатыр. Мұндай мәселелерді қорғаныс министрлігінде тым ұзақ талқылаудың қажеті жоқ. Екінші оқылымға дейін  заңға өзгеріс енгізу қажет. Егер тамақтандыру бойынша баға 1200 теңге болса, оны төмендетудің қажеті жоқ… Физиология анықталды, бағасы белгіленді, енді осыдан кейін бір адамды екі есе арзанға тамақтандыру деген не сұмдық. Сабанмен тамақтандырамыз ба сонда? Жұмыс тобымен аталған мәселені талқылаңыздар. Осы өзгерісті енгізейік» – дейді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко.

Бұл саладағы тағы бір түйткіл, білікті мамандары жан-жаққа кетіп жатыр. Себебі, еңбекақы төмен. Өткен жылы 25 ұшқыш жеке әуе компаниясына ауысқан. Қала берді шет мемлекеттен ұсыныс бар. Ресей әскери ұшқыштарын алақанға салып, 800 мың рубль төлейді екен. Ал бізде бірінші санаттағы ұшқыштардың өзі небәрі  270 мың теңге  алады.  Мұны місе тұтпағандар қызметін ауыстырып жатыр.

«Air Astana, SCAT компанияларына ауысуда. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысына хат жаздым. Президент қолдау білдіріп, ұшқыштар құрамына еңбекақыны екі есеге көтеру үшін Үкіметке тапсырма берді. Кем дегенде аталған соманы 450-500 мың теңгеге жеткізу ескеріліп отыр» – дейді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

Мәжілістегі қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланған депутат Мұхтар Ерман да бүгінгі жиында қалыс қалмады.  Түрлі дерек келтірді. Әскери прокуратураның мәліметінше, 2017 жылы 27 қылмыс тіркелген. Оның басым көбі парақорлық және  курсант өліміне қатысты. Биыл да осындай 3 қылмыс болыпты. Мәжілісмен әскери университеттердің басшыларын жауапкершілікке тарту керек деген бастама көтерді. Бірақ Қорғаныс министрі депутаттың деректерін жоққа шығарды.

«Бізде ондай келеңсіздік жоқ. Ол депутат үнемі осындай деректерді көтереді» – деді Қорғаныс министрі.

Тағы оқыңыз: 

Басы дауға қалған Мұхтар Шаханов: Шындықты айтқаным үшін кешірім сұраймын

Өзімнің сұлулығыма таңғалам: Қайрат Нұртас әзіл айтып елді күлдірді (видео)

Қайрат Нұртас туған інісімен бірге ағылшынша жаңа ән жазды

Талқылау