Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байжановтың телефонынан Бишімбаевтың өсиеті табылды (видео)

Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот отырысында олар екінші сотталушының ұялы телефонын тексерді. Тексеру барысында телефон галереясынан Бишімбаевтың өсиет хатының видеосы табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Мемлекеттік айыптаушы, Байжановтың ұялы телефонын қосып өткен жылдың 9 қарашасындағы кіріс және шығыс қоңыраулар тізімін жариялады. Содан кейін прокурор телефон галереясын зерттеуге кірісті. Онда Бишімбаевтың өз өсиеттерін білдірген видеосы табылды.

"Мен барымды, барлық есеп-шоттарымды, байлығымды балаларыма, Назымға (Бишимбаевтың бұрынғы әйелі), Мансұрға, Кәрімге және Ранияға қалдырамын", – делінген видеода.

Байжанов түсіндіргендей, видео BAU мейрамханасына жедел жәрдем келген соң түсірілген. Ол сондай-ақ Бишімбаевтың өзі видеоны түсіруді сұрағанын айтты.

Алғашында Бишімбаев өсиет туралы есінде жоқ екенін жеткізді. Алайда кейінірек судья Айжан Көлбаеваның сауалына жауапкер бұл видеоның қай жерде және қашан түсірілгенін айтып берді.

"Иә, есіме түсті. Олар мен пышақпен өзіме қол салайын деп жатқан кезде Бақытжанға: "Егер маған бірдеңе болса ата-анама және Назымға осыны жеткіз” деп айттым. Жалпы маған бірдеңе бола қалса, балаларға қарасын дедім", – дейді Бишімбаев.

Сондай-ақ сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар Бишімбаев BAU мейрамханасында дәретхананың есігін сындырған темір штативті көрсетті. Прокурор Айжан Аймағанова штативтің айтарлықтай ауыр екенін атап өтті.

"Байқасаңыздар, бұл заттың салмағы ауыр. Оны көтеру мүмкін емес. Сарапшының қорытындысына сәйкес, бұл штативпен есікке 25 соққы арқылы тесік жасалған. Біріншіден, оны қандай күшпен көтеру керек...", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айта кетейік, бұған дейін Салтанат Нүкенованың құрбысы сотта куәгер болып, екеуінің алмасқан хаттары оқылған еді.

Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Талқылау