Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баспананың жоқтығынан көкшетаулық қос бірдей баласын жетімдер үйіне өткізбек

Баспананың жоқтығынан Шолпан Файзуллина қос бірдей баласын жетімдер үйіне өткізбек. Көкшетау тұрғыны мұндай әрекетке амалсыздан бармақшы. Бұған дейін, үш баласымен жатақхананың тар бөлмесін паналап келген. Алайда, әкімдік қызметкерлері бұл бөлмені жақын арада босатуды сұрапты.

балалар-үйі

Бұл туралы 31 арна жазған.

Шолпан Файзуллина мына жатақханада 2009-шы жылдан бері тұрып келеді. Әуелгі баспанасының төбесінен су ағып, іші көгеріп кеткен соң, иесіз тұрған мына бөлмеге шарасыздықтан 3 бірдей баласымен кіріп алған. Артынша заңдастырып алайын деп, қалалық әкімдікке өтініш жазғаны сол екен, басы дауға қалады.

«Осы айдың он үшінде бізді бұл жерден шығарады. Сот орындаушылары өздеріңе басқа баспана табыңдар деп кетті. Менің тұрақты жұмысым да жоқ. Енді үйсіз-күйсіз қалсам, екі баламды жетімдер үйіне жіберемін. Бір сұрарым басқа жерден пана тапқанша мына бөлмеде уақытша тұра тұрсақ»,-дейді Көкшетау тұрғыны Шолпан Файзуллина.

Жалғызбасты ананың үш баласы бар. 20 жастағы үлкен ер баласы эпилепсиямен ауырады. “Далада қалсақ оның жағдайы не болады?!” -деп алаңдайды ана. Ал, 16 жастағы қызы мен 5 жасар кенже ұлын қиындық көрмесін деп, жетімдер үйіне орналастырғысы келген. Алайда, ол өтінішін жауапты мекеме қызметкерлері қабылдамай қойыпты.

«Өздерінің қаражат мүмкіншілігіне орай балаларына жағдай жасауға міндетті. Ал егер ата-аналары болмаған жағдайда қамқоршылық және қорғаншылық органдары сонда ғана балалалардың мүддесін қорғауға кіріседі»,-дейді Көкшетау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Жания Дондагулова

Шолпан Файзуллина баспанаға мұқтаж жан ретінде 2008 жылы кезекке тіркелген. Әзірге реттік саны -1930. Қазіргі тұрып жатқан бөлмеден шығыңдар деген соң жатақханадан бас сауғалар басқа бөлме сұраған. Алайда, онысынан да еш нәтиже шықпапты.

«Бөлмеге заңсыз қоныстанып алған Файзуллина ханымды ол жерден шығаруға байланысты соттың шешімі де бар. Ол үй кезегінде тұр. Әзірге оған қандай да бір баспана береміз деп уәде етпейміз»,-деп отыр Көкшетау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторының меңгерушісі Наталья Бургомистренко

Аядай бөлмеден қумауын өтініп Шолпан Құрманбайқызы жергілікті биліктің өкілдеріне хат та жазған. Бірақ, қайырылып жауап келмепті. Осылай деген азаматша тура бір жұмадан соң қайда барып, бас сауғаларын білмей дал.

Талқылау