Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокурор: Енді азаматтар телефоны жасырын тыңдалғанын біледі

Бүгін сенат отырысында құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері жөніндегі заң жобасы екі оқылымда қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын мәжіліс мақұлдап, сенатқа жіберген болатын.

“Бұл заң жобасы құқық қорғау органдарын күшейтпейді, бізге ешқандай жаңа өкілеттік бермейді. Заң жобасының мақсаты біздің мойнымызға жаңа міндеттерді жүктеу болып отыр”, — деді Бас прокурор Жақып Асанов бүгін сенат отырысында.

Заң жобасы 5 маңызды бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – қылмыстық процесте адамның құқын қорғау деңгейін арттыру. Екінші бағыт – қылмыстық процесте жарыспалықты күшейту. Тағы бір маңызды міндет — сотқа дейінгі сот бақылауын күшейту.

Бұдан бөлек, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру және тергеу,прокуратура және сот өкілеттіліктерінің қайталануын болдырмау, олардың нақты бөлу. Бұл шаралар қылмыстық процесті жаңғыртуға, оны жетілдіруге бағытталып отыр.

“Тергеу органдары көп жасырын тергеу амалдарын жасауға құқылы. Мысалы, аңдиды, азаматтардың әңгімесін жасырын телефон арқылы тыңдайды. Осындай біраз нәрселер бар. Бірақ кейін күдік расталмайды. Сосын тергеу органы не істейді? Жылы жауып қоя салады.

Адам оны тыңдағаны жөнінде ештеңе білмейді. Осы практиканы заң арқылы бұзып отырмыз. Егер күдік расталмаса, онда міндетті түрде тергеу органы адамға “сізге қатысты осындай жасырын тергеу амалы жүргізілді” деген хатты жіберуге міндетті”, — деп атап өтті Асанов.

Заң жобасына сәйкес, адамды санкциясыз ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартылады. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағат болады.

Бірақ 72 сағат мерзімі мынандай күрделі істер — аса ауыр қылмыстар, терроризм және экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топтар жасаған қылмыс; заңсыз есірткі айналымы және кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар; адам өліміне әкелген қасақана іс-әрекеттер болғанда қалады.

Сондай-ақ, бизнеске қысымды азайту үшін экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі қамауға алынбайтын болады. Ондай қылмыстар адамның өміріне қауіпті емес. Әрине, рейдерлік, жалған ақша жасау, контрабанда, қаржы пирамидалары және ұйымдасқан қылмыстар, қылмыстық топтар оған кірмейді.

Енгізіліп жатқан тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, “Бұйрық өндірісі” деген жаңа институт енгізілмек. Яғни, теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімі қысқарады.

Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ ешкім дау көтермесе, ондай жағдайда “Бұйрық өндірісі” қолданылады. Демек, ұзақ тергеу мен сот процесін жүргізудің қажет жоқ.

Бұған қоса, адвокаттардың мүмкіндіктері кеңейтіліп отыр. Қорғаушы тергеушінің позициясымен, прокурордың шешімімен келіспесе, сот арқылы тергеушіні өз талабын орындауға мәжбүрлей алады.

Сенат депутаттары бүгін заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Енді ол президенттің қол қоюына жіберіледі.

Оқи отырыңыз:

Жомарт әнші Бүркіт Ернар Айдарға да Iphone сыйлады (видео)

Түркияның әйгілі актері Қазақстанға келді (видео)

Отандық әншілер Ninety one тобы үшін “Жыл таңдауы” бәйгесіне қатысудан бас тартты

Асылхан “қайырымдылық жасап мақтанды” деп сынағандарға жауап берді

 

Талқылау