Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бәрі жанып кетті”: Алматыда бір түнде 14 үй қатар өртеніп, ондаған отбасы қиын жағдайда қалды

Алматы қаласында барак үлгісіндегі үйлер өртеніп, салдарынан бірнеше отбасы қыс ортасында далада қалды. Айтуларынша, алапат өрт түн ортасында шыққан. Есі шыққан тұрғындар құжаттарын да алып үлгермей қалыпты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

"Бәрі жанып кетті": Алматыда бір түнде 14 үй қатар өртеніп, ондаған отбасы қиын жағдайда қалды

Күні кеше қаладағы бірінші темір жол вокзалының маңында, яғни Осипенко көшесінің бойындағы барак үлгісінде салынған үйлер бір түнде өртке оранды. Қызыл жалынды байқаған жұртшылық сол күйлерінде үйлерінен атып шығыпты. Олар заттары тұрмақ, құжаттарын да алып үлгермегендерін айтуда.

«Атып далаға шықтым. Дүние мүліктің бәрі жанып кетті. Осы үстімдегі киіммен тұрмын міне. Басқа киімім жоқ», – дейді тұрғындардың бірі Гүлжанат Шотбаева.

Болжам бойынша, өрттің шығуына үйшік себеп болған болуы мүмкін. Сол жердегі үйлердің бірінің иесі күшіктері тоңып қалмас үшін, үйшіктің ішіне электр пешін қойыпты. Соның салдарынан түнде өрт шығып, бір үйді жалмап қоймай, жапсарлас орналасқан 14 үйге де жайлаған. Олардың бесеуі толықтай өртеніп кетті.

"Бәрі жанып кетті": Алматыда бір түнде 14 үй қатар өртеніп, ондаған отбасы қиын жағдайда қалды

Қызыл жалын шарпыған баспаналардың төбесі опырылған және қабырғалары құлағалы тұр. Бұл жерде 30-ға жуық адам тұрып жатқан екен. Олардың дені – зейнеткерлер мен кішкентай балалар. Бүгінде баспанасыз қалған оларға көршілері мен туыстарын жағалауға тура келген. Кейбірінің, тіпті, баратын жері де жоқ.

«Ешқандай көмек жоқ. Далада жүрміз. Үйдің іші сасық», – дейді тұрғын Маржан Танысбай.

"Бәрі жанып кетті": Алматыда бір түнде 14 үй қатар өртеніп, ондаған отбасы қиын жағдайда қалды

Осылайша қыс ортасында бір-ақ түнде баспанасынан айырылып қалған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрап барды. Алайда әкімдіктегілер оларға тек мектептің спорт залын уақытша паналау үшін бере алатындарын айтты.

«Өрттің шығу себептері анықталмайынша, ешқандай шара қолдана алмаймыз. Негізі  кімнің үйінен өрт шықты, шығынды сол өтеуі тиіс. Бірақ біз тұрғындарға ақшалай көмек беру жағын қарастырып жатырмыз. Дегенмен, бұл әзірге нақты емес», – дейді Түрксіб ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Константин Воропаев.

"Бәрі жанып кетті": Алматыда бір түнде 14 үй қатар өртеніп, ондаған отбасы қиын жағдайда қалды

Бұл орайда тұрғындар да ақшалай көмек берілетініне күмәнданады.

Ал бірнеше үйді жалмаған өрттің шығуына себепкер болуы мүмкін деген ер адам жоқ болып кеткен. Көршілерінің сөзінше, оның шығынды өндіріп беретін ештеңесі жоқ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау