Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәлкім, полиция артық кеткен шығар": Дәурен Абаев митингілерге қатысты пікір білдірді

Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен митингілерге және полицейлердің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Ол сайлаудан кейін наразылық шаралары барлық мемлекетте болатынын атап өтті.

Бұл туралы Абаев «Хабар» арнасының «Открытый диалог» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министрдің сөзінше, барлық мемлекетте сайлаудан кейін наразылық шаралары болады.

«Нәтижесі жарияланғаннан кейін, олардың қуаты эмоция түрінде шығып, шерулерге, ереуілге ұласады. Мұндай жағдай барлық елде болады... Сондықтан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жүздеген наразылық танытушыны әдеттен тыс жағдай деп қабылдауға болмайды», - дейді Абаев. 

Полицейлердің әрекеті туралы сұраққа жауап берген Дәурен Абаев Бас прокуратураның ескертуін еске салды. Ол сайлау үшін бейбіт жағдайдың қажеттігін атап өтті. Себебі азаматтар тәртіпсіздіктен қорқып, сайлауға қатыспай қоюы мүмкін, дейді. 

Сонымен қатар ол алматылықтардың полицияға хабарласып, көшелерде тәртіпсіздік орнатқан наразылық танытушыларды тыныштандыруды сұраған. 

«Әрине, бәлкім, кей жерлерде полиция артық кеткен шығар. Алайда олар көшелердегі тәртіп пен тыныштықты сақтай алып, зорлық пен оның күшеюіне жол бермеді. Бұл біздің полицейлердің үлкен жұмысы.

Бізге Қазақстанда наразылық акцияларын өткізу мәдениеті мен жауап беру мәдеиетін көтеру керек», - дейді ол.

Талқылау