Баланың сағын сындыру. Психологтардың кей кеңестерінің пайдасынан зияны басым

Бейсенбі, 13 Қазан , 2016 17:16

Психолог-кеңесші өз әріптестерінің «пайдалы» кеңестерін теріске шығарды.

6-1

Бала тәрбиесіндегі дәрменсіздігін сезініп, қандай да бір жағдайда дұрыс не бұрыс жасағанына күмәнданған кез-келген ата-ана тәжірибелі маманның пікірін білгісі келеді. Шыны керек, ол кеңестердің кейде пайдасынан зияны басым. Қандай жағдайда «ақылгөй» кеңесшілерге құлақ аспағаныңыз дұрыс? Баланы қалай тәрбиелеу керек? Ол жайлы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас бойынша маман, психолог-кеңесші Анна Арутюнян сөз етеді.

1. Баланы кішкентай күнінен-ақ бөлісуге үйрету керек. Құмда ойнауға келсең, күрекшеңді өзгелерге ойнауға бере тұр.

Бөлісуге үйрету қажет. Бірақ тепе-теңдікті сақтай біліңіз. Егер бөліскісі келмесе, оған құқы бар. Жанындағы бала дәл сондай ойыншықтығы қалағаны үшін балаңыздан сүйікті ойыншығын күшпен тартып алудың қажеті жоқ. Сізге: «Өз ішігіңізбен, гаухар тастарыңызбен бөлісіңіз. Жылап жатыр ғой. Обал емес пе? Берсеңізші! Неге аяйсыз?» – десе не істер едіңіз? Сол сияқты ойыншық – баланың өз меншігі. Оны қалай қолдануға да құқылы. Бірақ балаңызға өзге балалармен бірге ойнап, достасу үшін өз затыңмен бөлісіп, алмаса білу керектігін түсіндіруді ұмытпаңыз. Оны іс жүзінде көрсеткеніңіз жөн. Мысалы, «мен саған шелек беремін, ал сен күрекшеңді бер». Әйтпесе балаңызға өзгелермен тіл табысып, даулы жағдайларда келісімге келуді қалай үйретесіз?

2. Егер бала мұңайса, оның көңілін өзге дүниеге аудару қажет.

Жылдам интернет жайлы танымал жарнаманы еске алыңызшы. Кішкентай қыздың қолынан балмұздағы түсіп қалады. Мұңайғаннан бірден түрі бұзылған қыздың ата-анасы әрі-сәрі болып, баланың көңілін аулау үшін, сол арада жылдам интернеті бар телефон ұсынады. Мұндай жағдайда үйде кімнің қожайын екенін бірден ағаруға болады. Ол, әрине, қыз. Бұл бала назарын өзге дүниеге аударуда жіберілетін қателікке мысал. Ал баласының көшеде әлденесі жоғалып, ойыншығы сынып қалса, көптеген ата-ана дәл осылндай әрекетке барады. Мұндай жағдайда міндетт түрде баланы түсіне білу керек: «иә, өкінішті», «мұңайма». Ал мына сөздерден аулақ болыңыз: «Уайымдама, мен саған тап қазір осындайдың бесеуін алып беремін». Баланы әлденені жоғалтуға, айырылуға төзуді үйрету керек. Керісінше жағдайда онда қате түсінік пайда болады. Және жаңа ойыншыққа деген қуанышы тез арада басылады. Тағы да жаңасын алып бересіз бе?

Айтпақшы, бала мұңайған жағдайда ата-аналардың жазғыра түсетін әрекеті де құп емес. «Қолдарың қисық па?», «Мен саған айтқанмын. Өзің кінәлісің!» сынды сөздерден аулақ болыңыз. Яғни осылайша баланың «өзі ақымақ» екенін түсіндіресіз. Тіпті ересектердің де қолынан балмұздағы түсіп, сүйікті заттарын жоғалтатын жағдайлар аз емес.

3. Ұл баланы қызға қарағанда аз еркелеткен жөн. Керісінше жағдайда қыз мінезді, «анасының ұлы» болып өседі. Қиындықты көтере алмайтын жанды еркек деуге бола ма?

Психологтар 3 жасқа толмаған сәбидің жәй ғана бала екенін айтады. Ал бұл жастан кейін олар – ес-ақылы бар ұл,қыз. Қыз болсын, ұл болсын, кішкентай баланы шектен тыс еркелетуге болмайды. Себебі олар үшін бұл жаста ең маңыздысы – қамқорлық, көңіл бөлу жәре мейірім. Өсіп келе жатқан кезінде ұл бала үшін әкені орны бөлек. Қыз үшін әкелік махаббаттың мән-мағынасы басқаша: әкесі үшін қызы қашан да ханшайым болуы қажет. Ол бойжеткен кезінде өмірдегі жеке қатынасы дұрыс қалыптасу үшін маңызды. Ал ұлына әкесі өмірдің өз талаптары бар екенін, барлығы бірдей махаббат пен жылу бермейтінін түсіндіре білуі шарт. Ерлік әке үлгісі арқылы тәрбиеленеді. Ол түсінік санамызда қалыптасқан. Тіпті, мамандар да растайды.

4. Егер бала біреуді ұрса не оған қатысты жаман әрекет жасаса, сондай әрекетпен жауап беру керек. Ол түсінуі үшін. Ұрса, қайтара ұрыңыз. Тістесе, сіз де қалыс қалмаңыз.

Бұл басқа амал қалмағанда жасалатын шара. Егер бала айтқан сөзді мүлдем түсінбесе, жауап беруге болады. Бірақ күшіңізді шамалай біліңіз. Түсінік пен ұят сезімі балада шамамен 5 жасында қалыптаса бастайды. Осы жастан бастап баланы өзгелерді ренжітпеуге үйретуге болады. Ол үшін балаға өзгенің орнына өзін қойып көруді ұсыныңыз: «Оның орнында болсаң не істер едің? Саған да осылай жасаса жақсы ма». Баланың көптеген әрекетінің негізгі себебі – құмарлық. Мысалы, аюдың аяғын жұлып, ойыншықты сындырғысы келсе, ішінде не барын көргісі келгендіктен. Бірақ күш көрсету арқылы жасалатын тәжірибелер адамға қатысты болса, неліктен олай жасауға болмайтынын түсіндіру керек. Мысалы, «мен де саусағыңды осылай тартсам жақсы ма? Оның да саусағы ауырады». Бірақ бұл баланы отыра алмайтындай етіп ұру керек дегенді білдірмейді.

5. Егер бала қиқарланып, көнбесе, оған көңіл бөлуді доғарыңыз. Көрермендері болмаса, өзі-ақ тынышталады.

Бәрі де қиқарлықтың себебіне байланысты. Егер ата-ана баланың әдейі жылағанын байқаса, назар аударудың қажеті шамалы. Бала жалыққанда, өзі-ақ қояды. Әдетте мұндай жағдай бала дүкенде қымбат ойыншықты сұрағанда орын алады: «Қазір алып бер. Әйтпесе жер тепкілеп жылаймын». Мұндай қулыққа алданбаңыз. Тіпті, айналаңыздағы адамдардың сөзіне де көңіл бөлмеуге тырысыңыз. Айтылып жатқан түрлі кеңестерге қысқа ғана жауап беріңіз: «Рахмет! Өз баламды өзім тәрбиелей аламын».

Бірақ «көңіл бөлмеу» дегенді қате түсіну керек емес. Оны шеттету, елемеу түрінде жасамағаныңыз жөн. Әйтпесе бала көңіліне оны ұнатпайтындай, жек көретіндей әсер ұялатасыз. Жылап, қиқарлануына тыныш қана жауап бергеніңіз абзал: «Айқайлағың келсе, айқайла. Мен жаныңдамын. Болған кезіңде қасыма кел. Тыныш қана сөйлесеміз».

Оған қоса балалардың еркіңізді билей алатынын білгейсіз. Олардың әдісі көбіне іске асып жатады. Айталық, бала 5 минут айқайласа, анасы жалығып, дегеніне көнеді. Мұнан кейін әдісінің тиімді екенін баланың көзі жетеді. Келесі жолы анасы 5 минутқа шыдаса, бала одан да ұзағырақ уақыт жылайды. Шыдамаған ана тағы да айтқанын жасайды. Осылайша жалғаса береді.

Ал досы ренжіткендіктен, әділетсіздік орын алғандықтан жыласа, баладан теріс айналып, жазғыруға тырыспаңыз. Құшақтап, аяушылық танытыңыз, тыңдаңыз. Қажет болса, онымен бірге жылаңыз. Бала жақындарының қашан да көмекке келетінін, қиындықта жалғыз қалдырмайтынын сезу керек.

6. Баланы ерте бастан-ақ сыпайылыққа тәрбиелеу керек. Яғни «рахмет» айтуға, өтініш білдіруге, амандасуға және т.б.

Мұндай оқиға жиі орын алады. Балаға кәмпит берсе, қуаныштан көзі бал-бұл жанып, кәмпиттің қағазын ашуға кіріскенде, анасы оған: «Не айту керек? Жоқ, алдымен не айту керек? Мен саған қалай үйреттім?» деген сөздермен жол бермейді. Бұл ретте мынадай қағида байқалады: мінез-құлықта не нәрсеге назар аударсақ, дәл соған үйретеміз.

Ол балаларға да қатысты. Ал бала амандаспады. Онда тұрған не бар? Өзіміз де таныстарымызды елемейтін, амандасқымыз келмегендіктен әдейі жолдың арғы бетіне өтіп кететін жағдайлар болады ғой. Баланы өзін сыпайы ұстауға өзіңіз үлгі беру арқылы ғана үйрете аласыз. Сонымен қатар есіне салып тұруыңызға да болады: ұлдар қыздарға жол беруі керек, ғимаратқа, үйге кіргенде бас киімді шешу керек және т.б. Егер анасы дүкендегі сатушымен, көршілерімен күнделікті амандасса, бала автоматты түрде соны қабылдап, әдетке айналдырады. Кейде тәкаппарланған анасы сатушымен амандасуды ар санайды. Осыдан кейін баласының өзгелермен неліктен амандаспағанына таңданады. Бала сатушының өзгелерден не айырмасы барын түсінбейді. Сондықтан ең алдымен өзімізге, ішкі әлемімізге назар салу керек. Біз баламыздан талап еткенді өзіміз жасап жүрміз бе? Ойланатын дүние.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

2
Комментариев

Пікір қалдыру


Анонимно
1 ай 21 күні кері

дурыс рахмет

Анонимно
1 ай 24 күні кері

Жпқсы жазылған мақала өнеге аларлық! Рахмет

wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
08.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар