Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаға жыныстық тәрбиені қанша жастан бастап беру керек: отандық сексолог кеңес береді

"Баласын қоқысқа тастап кетіпті", "Дәретханадан табылған сәбидің анасы жасөспірім екен" сынды хабарды қазақстандықтар жиі естіп жүр. Біреулер бұл жағдайда бар кінәні 14-15 жастағы оң-солын ажырата алмайтын ұл-қыздарға тақса, тағы да басқалары жас буынға жыныстық тәрбиені дер кезінде бере алмаған ата-аналарды айыптайды. Stan.kz тілшісі сексолог Камилла Ленинамен сұхбаттасып, сәби өлімін қалай тоқтатуға болатынын, жыныстық тәрбие қанша жастан бастап берілу керектігін анықтап, мектепте мүшеқап таратуға қатысты пікірін білді. 

Камилла Ленинаның сөзінше, Қазақстандағы сәби өлімін жасөспірімге сексуалды өмір жайлы білім беру арқылы тоқтатуға болады. 

"Жыныстық тәрбие деген — процесс. Ол бала өмірге келген сәттен бастау алады. Ата-ана дүние есігін жаңа ғана ашқан нәрестеге күтім көрсетіп, оған қауіпсіздік сезімін береді. Шамамен бала 2-4 жасқа келгенде оған жыныстық сана-сезім беріледі. Ол өзін ұл не қыз сезіне бастайды. Сондай-ақ сол жаста оның бойында өзінің және өзге балалардың денесіне, жыныс мүшелеріне деген қызығушылық пайда болады. Бұл қызығушылық өте маңызды болған соң, осы кезде балаға ұрыспаған жөн. Жыныстық мүшелерді де бәліш, шүмек, қияр, шабдалы деп әртүрлі эпитеттермен атамаған абзал. 

Балаға сол кезден бастап-ақ оның жыныстық мүшесіне ешкім рұқсатсыз қол тигізе алмайтынын түсіндіру керек. "Іш киімдердің ережесін" баламен бірге бүлдіршіндерге арналған кітаптар арқылы үйретуге болады. Сонымен қатар, үлкендердің өзі балаға ақпаратты дұрыстап түсіндіріп, зорлықтың алдын алу үшін ата-анаға арналған оқу құралын оқып шығуы тиіс. 

Ата-ана баласын тәрбиелеу кезінде, онымен жыныстық мүшесі жоқ секілді сөйлеспеуі керек. Бала жыныс мүшесін елемей өссе, ержеткенде не бойжеткенде оған кіндік пен тізе аралығында тыйым салынған зона ретінде қарайтын болады. Жеке бас гигиенасының негізі де кішкентай кезде қаланады. Ол  да жыныстық тәрбие ұғымына кіреді. 

Жыныстық тәрбиенің мақсаты — өзінің денесі қалай жұмыс істейтінін білетін, оны қалай күту керектігін білетін, қандай жағдайда дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін білетін, жыныстық инфекциялар мен жоспарланбаған жүктіліктен сақтана алатын адамды өсіру. Сонымен қатар, адам секспен айналысқаны үшін өзін кінәлі сезінбейтін, ұялмайтын, қорықпайтын жан болып өсуі тиіс", — дейді ол.

Жасыратыны жоқ, әр қазақстандық баласын тәрбиелеу кезінде жыныстық қатынас туралы ашып айтуға, оны дұрыстап  түсіндіріп беруге бата алмайды. Осыдан "Мектеп бағдарламасына сексология деген пәнді енгізу керек пе?" деген сұрақ еріксіз туындайды. Оның үстіне, жоспарланбаған жүктілік санын азайту үшін қазақстандық оқушыларға тегін мүшеқап тарату жайлы ұсыныс түскен еді. Мұның қаншалықты дұрыс не бұрыс екеніне сексолог түсініктеме берді. 

"Балаға ата-анасының көмегінсіз-ақ бұл ақпарат жетеді. Бірақ ата-ана баланың кез-келген сұрағына жауап бере алса, ол бірінші кезекте естіген ақпаратын нақтылау үшін әке-шешесінің көмегіне жүгінеді. Ата-ананың міндеті — сұрақтарға жауап беріп, ақпаратты нақтылап беру. 

Сексология — білім берудің кейінгі кезеңдеріне арналған ғылым. Мектепте гигиенаның негіздері, сексуалды өмірдің қауіпсіздігі, адами қарым-қатынастар жайлы оқытылса, сол жеткілікті. Жасөспірімдерге ашық түрде мүшеқап таратудың қажеті жоқ. Бірақ оқушылар мектеп айналасында, мысалы, психологтың, медбикенің кабинетінде немесе дәретханалардағы арнайы аппараттардан тегін мүшеқаптарға қол жеткізе алса, бұл үлкен жетістік болмақ", — дейді Камилла Ленина. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау