Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айтыскер Мұхтар Ниязов “Алтын домбыра” байқауының екі дүркін жеңімпазы атанды

Мың жылдық тарихы бар алып Алматыны екі күн бойы жырмен тербеген «Алтын домбыра» айтысы мәреге жетті. Бас жүлде – алтын домбыра, айтыстың шын жүйрігі, сыр сүлейі Мұхтар Ниязовқа бұйырды.

mukhtar

Бұл туралы “Егемен Қазақстан” басылымы хабарлайды.

Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл айтыс айтыскер ақындардың биылғы басты додасы. Ең алдымен, ширек ғасыр уақытта жеткен жетісітігімізге сүйініп айтқан, әлі де олқы түсіп жатқан жерлерімізге күйініп айтқан ақындардың айшықты сөздеріне қол соғып, қошамет қылған жұрттың ықыласы туралы айтуымыз керек. Алматыдағы ең үлкен сарайлардың бірі Республика сарайында қатарынан екі күн бойы ине шаншар орын болған жоқ.

20 ақын қатысқан айтыс үш айналым болды. Екінші айналымда Мейірбек Сұлтанхан, Өміржан Көпбосын, Серікзат Дүйсенғазы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназар, Қалижан Білдашев, Аспанбек Шұғатаев, Болатбек Оразбаев, Жансая Мусина, Иран-Ғайып Күзембаев, Рүстем Қайыртай, Ержан Әміров айтысып, одан Серікзат Дүйсенғазы, Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов сынды жүйріктер іріктеліп шықты. Үшінші айналымда осы төрт ақын айтысып, нәтижеде Бас жүлде, «Алтын домбыра» – Мұхтар Ниязовқа, (3 000000 теңге) 1 – орын Болатбек Оразбаевқа, (2 000 000 тг) 2 – орын Жансая Мусинаға, (1 000 000 тг) 3 — орын Мейірбек Сұлтанханға, (500 000 теңгеден) Өміржан Көпбосыновқа, Иранғайып Күзембаевқа, Серікзат Дүйзенғазыға бұйырды.

Ақындардың өнерін Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, «Дарын» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақындардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. Айтулы доданы айтыстың ақылманы Жүрсін Ерман жүргізді.

Ұлттық өнер болған соң да ұлттың бір мінезін, бір болмысын көрсетпей қалар ма, аламанның жүлдесін тапсыруға шыққан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ақындарға ризалығын айта келіп, Бас бәйгенің жүлдесіне тағы 2 000 000 теңге, бірінші орынның жүлдесіне 1 000 000 теңге үстеме қосатынын хабарлағанда көрермен қошаметі тіпті де үдей түсті.

Айта кетейік, «Алтын домбыра» айтысы осымен V рет өткізіліп отыр. Мұхтар Ниязов (2012 жылы) алғашқы иегері болған еді. 2013 жылы Жандарбек Бұлғақов иеленсе, 2014 жылы Балғынбек Имашевтің еншісіне бұйырған болатын. Ал 2015 жылы «Алтын домбыра» Аспанбек Шұғатаевқа бұйырған болатын. Биыл міне, «Алтын домбыра» айналып Мұхтардың қолына қайта келді.

Оқи отырыңыз:

Тоқтар Серіков: Шетелдік әншілер Мейрамбегім мен Саятымнан артық емес

Гүлзира Айдарбекова: Мен ботокс салдырып көргенмін

Анасы Қайрат Нұртастың бір кездері казино ойнағанын айтты

Татуласқан Жұлдызай мен Тука сахнада бірігіп өнер көрсетпек

Талқылау