Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автокөлік салонынан ескі көлік сатып алғанын дәлелдеген әйел сотта жеңіп шықты

Жаңа көлік сатып аламын деп басы пәлеге қалған атыраулық әйел сотта “белді” автокөлік салонын жеңіп шықты.

3

Сурет ap.by

Бұл туралы “Астана” арнасы хабарлайды.

Рахима Зиеденова биылғы жылдың 16 ақпанында “ЖанельАвто” компаниясынан Хуйндай Туксон көлігін сатып алған. Кейін “«автосалон ескі көлікті жаңа көліктің бағасына сатты” деп сотқа шағымданған еді. Құны 6 млн 420 мың тұратын темір тұлпардың алғашқы жарнасына 1 млн 284 мың теңге төлеп, қалғанын несиеге рәсімдеген. Арманындағы көлігі үшін 7 жыл бойы ай сайын 135 мың теңге төлеуге келіскен. Алайда қуанышы ұзаққа бармай, көлік кузовының боялғандығын, машинаның 12 мың шақырым жүргендігін және сынақ үшін пайдаланғанын біледі.

Сотта автосалонның “сату-сатып алу келісімшартында” мұның бәрі көрсетілмегені белгілі болды. Сөйтіп, талапкердің шағымы толық қанағаттандырылып, автосалонға алғашқы жарна қаржысын толық қайтару міндеттелді.

“Атырау қалалық сотының шешімімен Зиеденова Рахимаға көлікке төлеген ақшасы түгелдей қайтарылып, отыз мың теңге моральдық шығын өндірілді”, – дейді Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.

“Келіншек 1 миллион теңге жеңілдікпен ескі көлікті сатып алуға келісті” деген автокөлік компаниясының басшылығы сот шешіміне түбегейлі қарсы. Жағдайға қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартқанымен, сот шешімі 14-ші шілде күні ғана күшіне енетінін және апелляциялық шағым түсіргенін айтты. Талапкердің заңды өкілі болса, автокөлік компаниясы ақшаны қайтармаса, мәжбүрлеп өндіреміз, деп отыр.

“Бүгінгі таңда жауапкерге барып, ақшаны қайтару жөнінде өз еркімен соттың шешімін орындау жөнінде ұсыныс берілді. Ал енді жауапкерлер әлі ешқандай жауап бермеді. Енді алдағы уақытта мәжбүрлеп өндіру туралы іс қаралып жатыр”, – деді талап қоюшының заңды өкілі Асхат Әділов.

Талқылау