Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық шенеуніктер пайдаланатын такси үшін мемлекеттен 163 миллион теңге жұмсалады

Кешеден бастап Астана әкімдігінің шенеуніктері қызметтік көліктен бас тартып, жұмысқа таксимен қатынауда. Қала әкімдігінің алдындағы тұрақта қаптаған сүліктей қара темір тұлпарлар көзден ғайып болып, олардың орнын арнайы таксилер басқан. Ал бүтіндей бір таксопарктің қызметіне жүгініп отырған қала басшылығы бұл үшін айына қанша миллион шығындайды? Қызметтік көліктер қайда кетті?

Астаналық шенеуніктер пайдаланатын такси үшін мемлекеттен 163 миллион теңге жұмсалады

Сурет: yvision.kz

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қызметтік көліктен бас тартып, таксиге отыруын министрлер де қолдады. Бас қаржыгер Бақыт Сұлтанов та алдағы уақытта қарамағындағы қызметтік көліктерін алмастыруға дайын екенін мәлімдеді. Ал, әзірге әкімдіктегілер өзінен басқа ешкім отырмайтын, былғары салондарын қойып, жалпыға ортақ таксимен жүр.

Астана қаласы әкімдігінің ғимаратының алдындағы екінің бірі қол жеткізе бермейтін бұған дейінгі тұрған көліктер енді жаңа таксилерге алмастырылмақ. Қазір бұл мақсатта осы жердің көлік тұрағында арнай жолақтар сызылып, көліктер келіп мемлекеттік қызметкерлерді күтіп тұрады. Осы арқылы жауаптылар жылына қыруар қаржы үнемдемек.

Күздің алғашқы айында оқушылар мектепке барса, қалалық ақ жағалылар қызметтік көліктерімен қош айтысты. Енді, бас қаланың әкімшілік ғимарат алдында көзге үйренген қымбат темір тұлпарлар емес, такси жүргізушілері тұрады. Осы орайда үнемі қолдары босай бермейтін, маңызды жиналыстарда жүретін қызметкерлердің бірін сөзге тартып көрдік.

«Сондықтан такси деген бізге өте ыңғайлы. Бұрын бізде қызметтік көлік мысалы 3 орынбасарда, әрқайсысымызда жеке-жеке болған жоқ. Мысалы, менің әріптесім бір жерге кетіп қалса, Ақ ордаға, министрліктегі жиналысқа кетіп қалса, оны күтуім керек немесе басқа жерге баруым керек болса еріксіз өз көлігіммен немесе таксимен жүретінмін» – дейді қалалық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Дулат Жекебаев.

Таксилердің өзі де үш санатқа бөлінеді. Әкім мен оның нөкерлерін таситын премиум классты көліктер, ал басқарма басшыларына эконом санатындағы темір тұлпарлар қызмет көрсетпек. Жалпы, әкімдік елорданың 4 таксопаркімен келісімге отырған. Тіпті, тек әкімдікке бөлінген, тапсырыс болмаса да резервте тұратын көліктер бар болып шықты. Бұл дегеніміз, шенеуніктер көлік күтіп сарылмайды. Керісінше, біраз уақыттан соң, қарапайым тұрғындар қиналуы мүмкін.

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваның айтуынша, көліктерді өз мүддесіне пайдалану мүмкін емес. Себебі, әр қызметкер өзінің жүріп тұрғаны үшін ай сайын есеп беріп отыратын көрінеді. Ал, әр басқармаға таксимен жүруге айына орта есеппен 800 мың теңге бөлінеді. Егер, ол шектен асып кетсе қызметкерлер өз қалтасынан төлейді екен.

Ал әкімдікте жалпы саны 17 басқарма бар. Оның әрқайсында 7-8 қызметкер бар. Демек айына 13 миллион 600 мың теңге жұмсалады. Ал бұл қызметтің бір жыл ішіндегі бағасы 163 миллион 200 мың теңгеге шығады.

«Ең алдымен, бұл шараға келудің себебі, бюджет қаражатын үнемдеу, орта есеппен шамамен 1 миллиардқа жуық қаржы үнемделеді деген есеп бар. Енді ғана басталды бұл, айдың соңында тағы қарастырады. Тағы да қаржы үнемдеуге мүмкіндік болса тіпті жақсы. Үнемделген қаражат бастама бойынша, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қаражат бөлінеді» – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Осы уақытқа дейін, әкімдіктің балансында болған 64 қызметтік көліктер қазіргі таңда, темір тұлпар сатып алуды жоспарлаған өзге мекемелерге берілмек. Бұл бастаманы министрлер де қолдап отыр. Қаржы министрлігінің өкілдері осы бастама бойынша пилоттық жоба өткізіпті, оң көрсеткіштер де жоқ емес екен.
«Біз қаржы министрлігі бойынша «Бірыңғай теңгерімді ұстаушы» атты пилоттық жоба сәтті аяқталды. Бізде бар барлық аумақтық бөліністердегі ғимараттар мен көліктер, басқа да қызметтерді жеке сектордың қарамағына бердік. Нәтижесін қарасақ, бұл қазына қаржысын үнемдейді екен. Осы арқылы біз шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашпақпыз» – дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ қаржы министрі Бақыт Сұлтанов болашақта әкімдіктің бастамасын қолдап өзінің қарамағындағылар да такси қызметін пайдалануы мүмкін дегенді айтып қалды.

«Бұл жерде сұрақ тек такси көлігіне ауысу емес. Нақтырақ айтсақ, тасымал қызметін жеке компанияның қолына беру. Мұның ұтымды тұстары көп, сондықтан бұл жақсы бастама» – дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Бұл бастама қоғамда қолдауға ие болды. Алайда, әкімдік өкілдері түбегейлі элиталық көліктерден бас тартып кетуі екі талай. Не болса да, әліптің артын бағып, ақ жағалылардың алдағы әрекетін күтейік.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау