Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада мұз қалашықтар демалыс орнына айналуда

 

Қыс мезгілі басталысымен Елордалықтарды мұз қалашықтар қуантты. Осымен екінші жыл қатарынан бой көтерген қалашықтар Астана қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтарының таптырмас демалыс орнына айналып үлгерді.

_SAM9723Біздің тілшіміз де «Хан шатыр» СОО жанында орналасқан мұз қалашығында болып қайтты.

1 желтоқсан күні ашылған қалашыққа бүгінде мыңдаған адам келіп, мұздан жасалған мүсіндер, түрлі композициялардың куәсі болуда. Ал мұз төбешіктер кішкентай балалардың ойын алаңына айналған. Ауа-райының суықтығына қарамастан адамдар ағылып келіп жатыр.

«Жаңа жылға дейін адам өте көп болатын. Қазір сәл саябырсыды. Дегенменде демалыс күндері кем дегенде жүздеген адам келеді. Сонымен қатар тұрғындар үшін әр сенбі және жексенбі күндері Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ойын-сауықтық бағдарламалар болады. Бүгін міне аққалалар жүр. Олар бір-екі сағат балалармен ойнап, қуаныш сыйлауда. Кейде концерттік бағдарламалар да өткізіп тұрады»,  – дейді мұз қалашықтың әкімгері Тұрар Рүстембаев.

Қалашықтың алаңы екі мың шаршы метрге жуық жерді алып жатыр. Мұнда мұз айдыны, мұз төбешіктері, қардан жасалған мүсіндер, сүйікті мультфильмдердің және халық ертегілерінің кейіпкерлері, қазақтың ою-өрнектері бар.

Осы әдемілікті көруге келгендердің бірі Ермековтар отбасы. Бес баланың әкесі Амангелді Ермекұлы Қарағанды облысы, Нұра ауданының тумасы. Отбасымен Астанаға қыдырып келіпті. Төрт күннен бері балаларымен мұз қалашықтың тұрақты келушілеріне айналған.

«Астанаға аяқ басқалы осында келіп жүрміз. Күнде кешкілік уақытта осында әкеліп, бір сағаттай ойнап, тоңған соң қайтамыз. Бәрі өте жақсы, балаларға да ыңғайлы. Музыка ойнап тұр, шырша орнатылған, балалар үшін өте көңілді», -деді Амангелді Ермекұлы.

Айта кетейік, мұз қалашықтың құрылысына күн шығыс елінің Харбин қаласынан арнайы шақырылған дизайнерлер тартылған. Сонымен қатар отандық 140 маман жұмылдырылған болатын._SAM9712 _SAM9666_SAM9810_SAM9657  _SAM9765_SAM9699 _SAM9749 _SAM9773

Талқылау