Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қазақ жігіті үш шегенің үстінде тұрып кеудені жерден көтеруден рекорд орнатты (фото, видео)

Қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаев үш шегеге (ұзындығы 30 сантиметр) тұрып кеудені жерден көтеру спорты бойынша рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордадағы «Қазақ Елі» монументі маңындағы алаңда Наурыз мейрамы атап өтілді. Мерекеге жиылған жұртшылық шегеге тұрып кеуде көтеруден рекорд орнатқан ер адамның өнеріне куә болды.

«Мұндай жаттығуды жасау оңай емес. Тепе-теңдікті сақтау өте қиын болады. Күнделікті кеудені жерден көтеру жаттығуын жасап жүрген адамдар мұны жақсы біледі. Мұндай батыл қадамға бару, яғни үшжүздік шегеге тұрып, тепе-теңдікті сақтау кез келген адамның қолынан келмейді. Сахнадағы есептеу барысында Тимурдың кеудесін 13 рет көтергені саналды. Алайда біз 11 санын тіркейміз. Себебі 11 мәрте таза жасалды.

Тимур бұған дейінгі дайындық кезінде шегенің үстінде тұрып кеудені жерден 20 рет көтерген болатын. Алайда мұның өзі жетістік. Біз Тимурды құттықтаймыз. Сонымен қатар Қазақстан рекордтар кітабының сертификатын табыстаймыз. Бұл сертификат шегеде тұрып аталған жаттығуды мемлекетімізде бірінші болып жасаған Тимур Спатаевтың Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде енгенін растайды», – деді Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Шыңғыс Құдайбергенов.

Ал Тимур Спатаев бұл жеңісін Астананың 20 жылдығына арнады.

«Мен бүгін «Қазақ Елі» монументі алаңында шегенің үстінде тұрып кеуде көтеру бойынша Қазақстан рекордын орнаттым. Бүлдіршіндерге, жастарға спортпен шұғылданып, мақсатына, көптеген табысқа жетуін тілеймін. Аталған шарада мені қолдаған халыққа алғыс білдіремін. Алдағы уақытта тағы да рекордтарды жаңартуға тырысатын боламын», – дейді Тимур Спатаев.

Тимурдың сөзінше, бұған дейін шегенің үстінде тұрып кеудені 5 рет көтерудің өзі рекорд болған екен.

«Мені Қазақстан бойынша осы рекордты жаңартып отырған бірінші адам ретінде тіркеді. Мұндай жетістікке жету үшін 2 жыл көлемінде жаттықтым. Жаттығу кезінде бұдан да көп көрсеткіш көрсеткен едім. Осы уақытқа дейін шегенің үстінде тұрып 5 рет кеуде көтергеннің өзі рекорд болғаны айтылған. Мен елордамыздың 20 жылдығына арнап 20 рет кеудемді жерден көтеремін деп мақсат еткенмін. Алдағы уақытта мақсатыма жетемін», – дейді Тимур Спатаев.

Оқи отырыңыз:

Оралда блогер полицейді көлігінің терезесіндегі қараңғылайтын затты алып тастауға мәжбүрледі (видео)

Оқушы сабақ кезінде сыныптасын ұрып жіберген: Мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астанада пәтеріндегі өрттен кейін 15 миллион теңгесі жоғалған ер адам күтпеген мәлімдеме жасады

Сырдария өзені арнасынан асып, тас жолды су алып кетті

Талқылау