Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Аяз ата балаларды алдап кетті

Жүздеген бүлдіршінге жаңа жылдық кеш ұйымдастырамыз деп ата-аналарынан ақша жинап алған қулар қашып кетті

1245

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Түрлі шоуға қызығып 9 мың теңгеден санап бергендер алданғандарын енді біліп, ұл-қызына не айтарын білмей жүр. Себебі балалар Аяз ата мен Ақша қарды сол күйі көре алмаған. Балғындардың арманын орындауы тиіс алаяқ Аяз Ата ұшты-күйлі жоқ.

Кішкентай Валерия міне осымен екінші күн асыға күткен аяз атасына жаттаған тақпағын айта алмай жүр. Өйткені, жаңа жылдық кештің ұйымдастырушылары жалғыз Валерияны емес, барлық балаларды алдап соққан екен. Алаяқ Аяз ата 200-ге жуық ата-ананың әрқайсысынан 9 мыңнан жинап алып, қарасын батырған.

«Бәріміз алданып қалдық. Таңертең жаңа жылдық кеш өтуі керек еді. Барлығы енді соны күтіп тұр. Бірақ ешкім жоқ, – дейді  Астана қаласының тұрғыны Меруерт Шәкенова.

Ерекше шоу болады дегенге сеніп ата-аналар шығындалып небір киім тіктірткен. Алданғандарын сезген балалар қуанып күлудің орнына еңкілдеп жылап жатыр. Бүгін олар үшін аяз ата мен ақшақар келіп, ертегі әлемінің кейіпкерлері естен кетпес қойылымдарын қою керек еді.

Балаларды жылатқан «magic holiday» деп аталатын мереке ұйымдастыру орталығы екен. Ата-ана мен бүлдіршіндерге өтірік билет сатқандар, тіпті жаңа жылға жалға алған ғимарат қожайынына да бір тиын төлемеген болып шықты.

Ұл-қызына ерекше тосын сый жасаймыз деп алданып қалған ата-аналар полицияға арыз жазып қойды. Қазір Жаңа жылдық кеш ұйымдастырушыларын тәртіп сақшылары іздеп жатыр. Ал бұл күн мәңгі естерінде қалған балалар енді Аяз ата мен Ақша қарға мүлдем сенуді қойған.

 

Талқылау