Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада 50 жұп бір мезетте некелерін қиды

Жас жұбайлар жаңбыр тоқтаған соң жаппай би билеп, махаббат шарын ұшырды. Бақыттан басы айналған жастар Елорда күні шаңырақ көтеруді әу бастан жоспарлаған екен. Жәудір Оразхан бойдақтықпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқан жұбайлардың қуанышына ортақтасып келді, – деп хабарлайды КТК арнасы.

555b5a42-884f-47bf-9045-78f747148297

Қол ұстасқан жұптар кеше ғана қыз бен жігіт боп саябақта қыдырып жүрген. Енді жүректері табысқан ғашықтардың бірі отанасы, екінші отағасы болғалы тұр. Бір қызығы елімізде 6 шілде қарсаңында шаңырақ құрғысы келетіндердің саны еселеп артыпты. Мәселе, астаналық АХАЖ қызметкерлері өтініш білдіргендердің қайсысын таңдарын білмей тығырыққа тірелген. Ал, мына 50 жұптың жолы болып, ерекше той өткізу бақыты бұйырды.

Қалыңдықпен күйеу жігіттерге секіріп билеуге де рұқсат. Бүгін олар өздерін Голливуд әртістеріндей сезініп, қызыл кілем үстімен жүріп өтті.

Алғаш рет қалыңдық көйлегін  киіп ұясынан ұшқан қыздар ертең басына орамал тартып, бір-бір үйдің қазанын қайнатады. Ал әке-шешесінің қолын ұзартып келін түсірген жігіттер болса, отағасы атанғандарын неке куәлігін алғанда ғана түсінгендей.

Неке қию рәсімі басталғанда нөсерлеп жауған жауын да бұл ғашықтарға еш кедергі бола алған жоқ. Керісінше, романтика!

“Тойдың уақытын бірігіп таңдадық.  Таңдағанымыз  күн осы күнге сәйкес келді. Жаңбыр  болса көп ырзық болады. Сондықтан қуанып жатырмыз”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Қуандық Елубаев.

Жастардың қолына неке куәлігі тиген бойда той тойға ұласты. Тойдың көркін танымал әншілер қыздыра түсті.

“Сіздерге ашық аспан, жолдарыңыз әрқашан ақ болсын. Және бір-біріңізге қолдау көрсетіп, бақытты күліп жүре беріңіздер. Астана күні құтты болсын! Айт қабыл болсын!” – дейді шоумен Әнуар Нүрпейісов.

Бойдақтықпен қоштасқандарына қуанған ерлі-зайыптылар кейін арман-тілектерін айтып, көкке шар жіберді. Жалпы Елордада күнде думан, күнде той. Сол жағалауда Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания мен Ресей сынды әлемнің онға жуық елінен жиналған кайтинг клубының мүшелері аспанға жылан-шарлар ұшырып, шоу көрсетті.

Осылайша, Астанада таңқалдыратын мерекелік шаралар жалғасып жатыр. Десек те, ғажайып думандардың ең қызығы ертеңге жоспарланған.

Мәселен, 6-шы шілдеде тұрғындар мен қала қонақтары    “Қымызмұрындық”, “Көшпенділер өркениеті” фестивалін, ақындар айтысын және эстрада жұлдыздарының тегін концертін көре алады. 3 күнге созылатын мейрам Есіл жағасында бұрын-соңды болмаған отшашумен түйінделмек.


Жіберіп алмаңыз:

Америкалық азамат өзінің iPhone смартфонына үйленіп, некесін қиды

Дарын Мұбаров: “Бекболат Тілеуханның ұстазы емеспін, бірақ некесін қиғам”

Иранда гей имам бір жынысты ғашықтардың некесін жасырын қиып жүрген

Мексика президенті елде бір жыныстылар некесін заңдастыруды ұсынды

Талқылау