Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана маңында прокуратура қызметкерін атып, сосын өзіне қол салған азаматтың кім екені анықталды

Астана іргесіндегі Ақмола ауылында 61 жастағы ер адам полицей мен прокурорға мылтықтан оқ жаудырып, кейін өзі атылып өлген болатын. Өмірбек Жанбозовтың мұндай оқыс қадамға не үшін барғаны қазір анықталып жатыр. Бірақ туыстарының айтуынша, марқұм тірі кезінде шаруа қожалығын басқарған екен, – деп хабарлайды КТК арнасы.

1495462643

Оқыс жағдай бірнеше сағат бұрын Астанадан 30 шақырым жердегі Ақмол ауылында болды. Осында Өмірбек Жанбозов есімді азамат алдымен прокуратураға келіп, кіре берісте отырған полицей мен прокурорға қос ауыздан оқ жаудырған. Кейін бірден сыртқа қашып шығып, қарсы беттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайға барып, өзін жүрек тұсынан атып жан тапсырған. Қазір мәйітті криминалистер қарап жатыр. Ал оқиға орны түгел қоршауға алынып полицейлер ешкімді маңайына жолатар емес. Марқұмның жақын туыстары да қазір осында жүр. Айтуларынша, Өмірбек Жанбозов құзырлы орын тарапынан көрген қысымға шыдамай өзіне қол салған.

Өмірбек Жанбозов Ақмола облысындағы ірі су шаруашылығын басқарған екен. Бірақ, екі жыл бұрын директор аяқ асты қылмыстық іс бойынша күдікке іліккен. Яғни, 6 сыбайласымен бірге 600 миллионнан астам қыруар қаржыны қолды қылды деп айыпталған. Тіпті, сот отырысы болып, мемлекеттік айыптаушы марқұм Жанбозовқа 10 жыл жаза кесуді сұраған. Ал судья үкімді бүгін шығаруы керек болған. Бірақ шаруа қожалығының басшысы өз-өзіне қол салып отыр. Ал, марқұмның қорғаушысы істің дұрыс қаралмағанын айтуда.

“Шаруа қожалығына жүргізілген тексеру тек бір жақты ғана болды. Өмірбек Жанбозовтың кінәсін дәлелдейтін айғақтар мүлдем жоқ. Тіпті, сараптаманың өзі 600 миллионның ұрлануы мүмкін емес екенін растады. Марқұм сот әділ болады деп айтып еді. Жеңіп шығатынына сенген”, – дейді қорғаушы Бақыт Қайыржанова.

Қызмет орнында қанға боялған прокурор мен полицей  шұғыл түрде Астанаға жеткізіліп, қазір ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр. Ал, жантүршігерлік істі Ақмола облысының прокуратурасы қатаң бақылауға алды.  Қазір марқұмның мылтығы сараптамаға жіберіліп, іс бойынша жан-жақты тексеру басталып кетті.


Жіберіп алмаңыз:

Қызды құтқарамын деп тоққа түскен жасөспірімнің өміріне кінәлілер табылмай отыр

Астана маңында белгісіз ер адам прокуратура қызметкерін атып, сосын өзіне қол салды

Астанада 7 жасар қыз тоғызыншы қабаттан құлап кете жаздады

Астанада қымбат көлікті ұрлап кеткен бойжеткен жол апатына ұшырады

Талқылау