Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әріптестерімен ренжіскен Жұлдызай Дүйсенбиева қайда жүр

Екі жылдан бері үлкен сахнаға шықпаған Жұлдызай Дүйсенбиева тойда тамада болып, ән айтып жүр екен. Мұнымен қатар, 16-18 әні бар альбом да әзірлеп үлгерген. Ол соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, өз орнына келген актрисаға деген көзқарасын білдірді.

image

Фото: elarna.com

Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды.

“Шаншар”, “Алдараспан” сынды танымал театрлардың актрисасы Жұлдызай Дүйсенбиева екі жылдан бері үлкен сахнаға шықпаған-ды. Мұның өзіндік себебі де бар екен. Актриса той-томалақ аралап, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр.

“Алғашында тойға шыққан кезде аз-мәз сөйлеп, артынша тойға қатысты материалдар іздей бастадым. Қазір жеке ән жинағымда 16-18 ән бар. Өстіп жүріп тойға шығып кеткен жайым бар. Әркім түрліше қабылдап жатады. Көбінесе “Алдараспан” немесе “Шаншар” театрының емес, “Томпақ” театрының актрисасы ретінде біледі. Қазір екі театрдың атын жамылып шығып жүрген жайым жоқ. Жеке өз атымнан өнер көрсетіп жүрмін”, – дейді Жұлдызай.

Дүйсенбиева театрдан кеткен соң орнына Ақерке Ақсай есімді бойжеткен келді. Бұл ару кастинг арқылы өткен.

“Инстаграм желісінде кастинг жүріп жатты. Мен ол кезде әлеуметтік желілерге тіркелмеген едім. Барлығы айтып жатқан соң барып бағымды сынап көргім келді. Өнер академиясын тәмамдаған нешетүрлі мықты қыздар болды. Кастинг кезінде Жұлдызайдың да, Нұржан Төлендиевтің де рөлін сомдап, дауыстарын салдым.

Әкем медбике болғанымды қалап, таңдауыма қарсы болды. “Маған әнші, биші емес, адам керек” деді. Соңында келісті. Театрдағы ағаларым қыз бала болған соң, әркіммен сөйлсе бермей, ара-қашықтық ұстай білуге кеңес береді”, – дейді жас актриса.

Бүгінде Ақерке мен Жұлдызайды салыстыратындар өте көп. Жас актрисаның әлеуметтік желідегі парақшасында сомдап жүрген рөліне қатысты түрлі пікір жазылады екен. Мұны Жұлдызай Дүйсенбиева да байқаған сыңайлы. Ол әріптесінің кемшіліктерін байқаса да, әзірге оларды айтып бетіне басқысы келмейтіндігін жеткізді.

“Мен ол қызды жүзбе-жүз көрмесем де, теледидардан байқап жүрмін. Жас болғандықтан, қазір сын айта алмаймын. Қазақта “Болатын баланы бетінен қақпа” деген аталы сөз бар. Бір-екі жыл сахнада шыңдалған соң ғана сын айтуыма болады. Желідегі парақшасына жазылған “Жұлдызай былай ойнайтын еді, сіз ол сияқты бола алмадыңыз” сынды пікірлерді көрген кезде жүрегім ауырып кетеді. Көрермендерден  ол қызды қатты сынамауларын өтінгім келеді. Оның менің орныма барғаны үшін еш кінәсі жоқ”, – дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Өзі үлкен сахнаға қайтып оралмаса да, актриса беделді театр актерлерімен иық теңестіре алатын шәкірт тәрбиелемек.

“Жұлдызайды көргіміз келеді дегенде жүрегім жылиды. Осыдан кейін неге кішкентай Жұлдызайларды тәрбиелеп, олардың санын көбейтпеске деген ойға келдім. Болашақта соңымнан ерген шәкірттерімнің жемісін көрсем деген ниетім бар. Екі жылдан бері халық алдына шыға алмасам да, алдағы екі жылда менмін деген сатира театрларымен иық теңестіре алатын шәкірт дайындауға уәде беремін. Оған менің шамам да, дәрежем де жетеді. Сіздерге уәде беремін”, – дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Ал жас актриса Ақерке Ақсай әлі де тәжірибе жинап, болашақта ағаларын жерге қаратпауға уәде берді.


Жіберіп алмаңыздар:

«Шаншарлықтар» әйел образына деген құмарлықтарын түсіндірді

Зейнеп Ахметова “Шаншар” театрын қатаң сынады

Нұржан Төлендиев алтыншы рет әке атанды

Нұржан Төлендиевке нағыз өнерді жерлейтін тамадалықты тастау ұсынылды

Талқылау