Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Әр қазаққа миллионнан беріңіздер”: алматылықтар әкімдікте көпбалалы отбасылардың жағдайын айтып ашынды

Ақпан айының алтыншы жұлдызында оңтүстік астананың тұрғындары әкімдікке келіп, өздерінің әлеуметтік проблемаларына шешім тауып беруді талап етті. Әкімнің қабылдауына келген қала тұрғындарының ішінде көпбалалы аналар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да, себепсіз баспанасынан айырылған азаматтар да бар. Алматылықтар Астанада бір түнде бес баласынан айырылған жанұяны еске алып, бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсартуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды

Қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездесуге келген тұрғындарды оның орынбасары Ерлан Әукенов қабылдады. Онымен жүздесіп, күрделі мәселелерімен бөліскен алматылықтардың сөзінше, Әукенов тұрғындардың сұрағына қазақ тілінде жауап беруге қысылған.

Бүгінгі күні алматылықтар үшін  Астанадағы қайғылы оқиға,  көпбалалы жанұялардың мәселесі мемлекеттік тілдің мәселесінен жоғары тұр. Сондықтан олар әкім орынбасарының осы ісіне көз жұма қараған екен.

Қара халықтың өзегін  министр Мадина Әбілқасымованың көпбалалы балаларға берілетін жәрдемақыға қатысты айтқан сөзі өртеп барады. Төрт баласы бар Гүлшат Тоқтасынқызы есімді ана мемлекет беретін 10 мың 500 теңгенің азық-түлікке әрең жететінін айтып ашынды.

“Менің көршілерім “барсақ, ертең қамап тастайды ғой” деп келмей отыр. Үйде қорқып отырып, аштан өлгенше осында келіп мұңымызды айтайық. Төрт баламмен үйде отырамын. Кішкентай балама қарайтын адам жоқ. Оны тастап қалай жұмысқа шығамын? Бағып беремін дейтін адамға беретін ақшам жоқ. Көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақым он мың бес жүз теңге. Ол азық-түлікке әрең жетеді.

Студент қызым бар. Оның оқуына төлейтін жылдық  ақшамыз миллионнан асады. Тамақ ішпесек те, баламыздың оқуын төлейміз.  Бізге Елбасы айтқан бес жүз мың теңгені берсін. Ешнәрсені уайымдамай, үйде отыра беремін. Балалардың жәрдемақысын жоқ дегенде отыз,  қырық,  елу мың теңгеге көбейтсін. Оны  бала үш жасқа толғанға дейін төлесін”, — дейді Алматының тұрғыны.

Көпбаланың әкесі Ерболат Мырзатайұлы есімді азамат өз сөзінде осындай бай елде кедей халықтың өмір сүріп жатқанын айтып күйінді. Оқыс оқиғадан қайтыс болған бес қызды ойлап күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылғанын жасырмады.

“Астанада бес бала бірдей өртеніп кетті. Сол күннен бері бізге ас батпады, ұйқымыз да қашып кетті. Бүгін көңіл айту үшін  әкімдікке келдім. Қазақтардың көбісі келмей қалды. Зал толған жоқ.  Қазақстан дүниежүзі бойынша жер көлемінен  тоғызыншы орынды иеленген. Байлығымыз Дубайдағы арабтардан он есе артық. Демек біз олардан он есе жақсы өмір сүруіміз керек. Қазақстанның байлығы әр қазаққа бөлініп берілсін. 15-20 мың теңге деген құнсыз дүние ғой. Әр қазақтың есеп шотына миллион теңге түсіп тұруы керек. Сонда ғана қазақ байып кете алады.

Бірақ  біз бүгінгі таңда қайыршының күйін кешіп жатырмыз. Мен де көпбалалы әкемін. Бірақ әкімдікке келген адамдардың арасында жағдайы өте ауыр адамдар бар. Соларға жаным ашиды. Олар проблемаларын айтып жатыр. Әкімдік оларға күрделі мәселелерін шешіп береміз деп уәде беруде. Дегенмен мен қоғамға ортақ проблемаларды жеке-жеке емес, ауқымды түрде көтеру керек деп ойлаймын, — дейді Ерболат Мырзатайұлы.

Ал Айбек Кенжеахметов есімді қала тұрғыны балалардың жәрдемақысына айыппұл салынатынына ренішін білдірді.

“Ұлттық банк көпбалалы аналардың жәрдемақысына айыппұл салады. Не үшін? Ақылға қонымсыз іс-әрекет қой. Наразылық танытсаң, үкіметтің бұйрығы сондай деп шығады. Заң бойынша, балалардың жәрдемақысына айыппұлдың кез келген түрі  салынбауы тиіс. Бұл заңсыздық. Кеңес Үкіметінің кезінде мұндай болмайтын”, — дейді ол.

Тәуелсіздік жылдарында пәтерінен айырылып қалған зейнеткер де әділетсіздікке тап болғанын алға тартып, әкімдікке келді.

Қазір алпыс үштемін. 56 мың теңге көлемінде зейнетақы аламын. Кеңес Үкіметінің кезінде екі бөлмелі пәтердің иесі атандым. Тәуелсіздік алған жылдары пәтерімді банкке салып, баспанамнан айырылып қалдым. Пәтерім де ешнәрсем де жоқ, — дейді ол.

Сонымен қатар, Лаура Бахадирова көпбалалы отбасылардағы балалардың әрқайсысына мемлекет кем дегенде екі жүз доллардан беруі тиіс деп санайды

Астанадағы оқиға жаныма қатты батты. Бір түннің ішінде бес баладан айырылып қалу ата-ана үшін қандай соққы десеңізші. Осы оқиғаны естіп, бірнеше түн бойы ұйықтай алмадым. Қыздарды аядым. Олардың қазасы — күллі Қазақстанның қайғысы. Бұл оқиғаны жауып қоюға болмайды. Біздің басшылық әр балаға жүз доллардан берсе де ол аздық етеді. Қазіргі өнімдерді алып, күн көру үшін бұл сомма аздық етеді. Тым құрығанда көпбалалы жанұядағы әр балаға екі жүз доллардан берілуі керек. Сондай-ақ, оларға жер, баспана, тегін берілуі тиіс, — дейді зейнеткер.

Әкіммен кездесуге келген алматылықтар барлық қазақстандықтарды бірігіп, бір мақсатқа жетуге шақырды. Министр Мадина Әбілқасымовадан жұмыс орнын босатуды талап етті.

 

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

  Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау