Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Англияға оқуға кеткен қазақ қызына әжесі қазы мен сүрленген ет жіберіп отырған

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропалық Ұлыбритания мемлекетінің екі бірдей қаласында магистратурада оқып келген қазақ қызы Назерке Мұратқызы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне ол жақта бір жарым жыл қалай өмір сүргенін айтып, ағылшындардың ерекшеліктерін атады.

Англияда екі жылдай тұрған қазақстандық жергілікті халықтың ерекшеліктерін атады

Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама арқылы Назерке Англия мемлекетінің екі қаласында оқыған. Алдымен ағылшын тілін меңгеру үшін Манчестер қаласында оқыса, артынша «Журналистика» мамандығы бойынша магистратураны Брайтон қаласында тәмамдаған. Екі қаланы салыстыра келе, бір мемлекет болса да, көптеген айырмашылықтар байқағанын айтқан қазақ қызы бастапқыда шетелдік менталитетке көндіге алмағанын айтады.

«Алғаш алты айға Манчестер қаласына барған кезімде ең алдымен тағамдарына көндіге алмадым. Бізбен салыстырғанда мүлдем басқаша. Ол жақтың топырағының ерекшелігіне байланысты онда өскен картоптың, күріштің дәмдерінің өзі өзгеше еді», – деп тағамдарына үйренісе алмағанын еске алды.

Осы себепті де Назеркенің Қазақстандағы әжесі немересіне өзіміздің ұлттық тағамымыз – қазы мен сүрленген ет жіберіп тұрған екен. Сөз соңында осы «қазыны» талқылауға ораламыз.

Тілді меңгеру уақыты аяқталысымен магистратурада оқу үшін Брайтан қаласына келген қазақстандық қыз ең алдымен қымбатшылыққа тап болған. Оның айтуынша, бір мемлекеттің қалалары болса да, баға айырмашылығы жер мен көктей. Әрине, бұның өзіндік себебі де бар. Ел астанасы Лондоннан бір сағаттық жерде орналасқан Брайтон қаласы туристік аймақ болып табылады және жылына сегіз миллионға дейін саяхатшыларды қабылдайды екен.

Брайтон қаласының тағы бір ерекшелігі – оның теңіз жағалауында орналасқаны. Тіпті қаланы теңіз жағасындағы Лондон деп те атайды екен. Теңіз жағасында орналасқандықтан көптеген студенттер осы қаланы таңдайды.

Қала айырмашылықтарын атап біткен Назерке, ағылшын ұлтының ерекшеліктерін де атады. Ең бірінші ойына алғаны – ағылшындардың көңіл көтеретіндіктері болды.

«Олар күн-түнге қарамастан, үлкен-кішісі бірігіп демалыс күндері де, жұмыс күндері де қолдары босай қалған кезде қыдырып, пабтарда демалғанды ұнатады. Сонымен қатар оларда ешқандай комплекс жоқ. Бәрі мейрамхана сыртында қосылып тұрған әуендерге билей кетеді», – дейді Назерке.

Елдің табиғатының сұлулығы да ағылшын халқына тән ерекшеліктің бірі екенін атаған отандасымыз англиялық бау-бақшаларға қатты қызыққанын жеткізді.

Англияда екі жылдай тұрған қазақстандық жергілікті халықтың ерекшеліктерін атады

«Негізі ағылшындарды бағбан халық деп атайды. Он отбасының ішінде сегізінің үйінде бау-бақша бар. Жалпы Ұлыбританияның барлық жерлері жап-жасыл. Жаз мезгілінде күн қатты ысығандықтан ағаштардың барлығы қураса да, жаңбыр көп жауғандықтан тез арада қайта өсіп, қала жасыл түске боянады. Әр үйдің терезесі мен ауласынан әдемі гүлдерді көруге болады. Гүлзарды (газон) айтар болсақ, біздегідей жасанды емес, барлығы табиғи. Олар бау-бақшаларын ерекше тәртіппен қиып, әдемі қылып өсіреді. Бақшалары өте кішкентай болған күннің өзінде алуан түрлі жеміс-жидекке толы. Мен өзім екі ағылшын отбасымен бірге тұрдым, сол екеуінде де іші түрлі жеміс-жидек пен көкөністерге толы шағын бақшалары болды», – дейді ол.

Ағылшындардың бау-бақша өсіргенді жақсы көретіндері соншалық, тіпті әңгіме барысында міндетті түрде ауа райы мен бау-бақшаны сөз етеді екен.

Келесі ерекшелікке келсек, ағылшын халқы тым үнемшіл келеді екен. Барлық салада үнемділікті ұстанған олар тіпті сауда орталықтарынан жаңа киім алмай, Charity Shop-тан (киілген брендтік киімдерді арзан бағамен сататын қайырымдылық дүкендері) немесе секонд-хендтен киінетін көрінеді.

Сонымен қатар, Назеркені киіну мәдениетіне үнемділік танытқан ағылшындардың коммуналдық қызметін де қатаң тәртіппен тұтынатындары таң қалдырған.

«Ол жақта коммуналдық қызметтер өте қымбат болғандықтан жылуды, суды, жарықты өте мұқият қолданады. Мысалы, жылу батареяларын үнемдеп, уақытылы, демек күніне үш уақыт екі сағаттан ғана қосып отырады. Ыстық су қымбат болғандықтан душқа он минуттан артық шомылмауға тырысасың. Әрдайым жарықты сөндіріп жүреміз», – дейді деп күледі Назерке.

Англияда екі жылдай тұрған қазақстандық жергілікті халықтың ерекшеліктерін атады

Жоғарыда айтып кеткен «қазының» да жыры осы коммуналдық қызметтің қымбатшылығына байланысты болып тұр. Туған елінен келген сәлемдемені – қазы мен сүрленген етті пісіру үшін бәріміз білетіндей, оларды көп уақыт қайнату керек. Осы тұста Назерке тұрған ағылшын отбасы алдымен қазының көп уақыт пісетініне алаңдап, екіншіден біздің ұлттық тағамның исінің жағымсыз екенін айтып, отандасымыздың алдында толеранттық танытпаған сынды.

«Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады» демекші, еуропалық халықтың барлығын толерантты деп айтуға келмейді. Мысалы, мен тұрған алғаш отбасы өзіміздің ұлттық тағам қазыны пісіргенде дөрекілік танытып, «пісіріп жатқан тағамыңның иісі қандай жаман» деп барлық бөлмелерді жабатын. Осы тұста айта кетерім, біздің халық бір шетелдікті көре қалса, оны соншалықты мәдениетті, сыпайы деп ойлайды. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Маған олардың «қазының иісі жаман» дегендері бір дөрекі көрінді», – дейді Назерке.

Бау-бақша өсіргеннен бөлек үй жануарларын асырағанды жақсы көретін ағылшындар пәтер жалдаушыларды тұрғызардан бұрын ит пен мысықты жақтыртатындары туралы алдын ала анықтайды. Назеркенің айтуынша, тіпті мейрамханалардың өзінде үй жануарларымен кіруге рұқсат берілген.

Қазақстандық қыз ағылшындардың мәдениетін айта келе, олардың «рахмет» және «кешіріңіз» деген сөздерді жиі пайдаланатынын жеткізді. Осындай сыпайылықты әсіресе қарапайым жұмысшыларға қатысты көп қолданады екен. «Қоғамдық көлік жүргізушісімен кіргенде амандасып, шыққанда рахмет айтып шығамыз», – дейді ол.

«Ұлыбританиядағы маған ұнаған тағы бір нәрсе – ол барлық дүкен болсын, мейрамхана болсын, кітап дүкені болсын барлық жерде студенттерге арналған арнайы жеңілдіктер болады», – деп сөзін аяқтады Англия мемлекетінде магистратурада оқып келген алматылық Назерке Мұратқызы.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау