Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасы: Жанар өзі аш қалса да, бар ақшасын қайыршыларға беретін

Жанар Дұғалованың анасы қызының жастайынан ерекше бала болғанын айтады. Ол әке-шешесі тамаққа деп берген ақшасын қайыршыларға таратып келеді екен. Тіпті, бірде бүкіл ауылды тамаққа тойдырған кезі болған.

000

Фото: instagram.com/zhanar_dugalova/

Бұл туралы Астана арнасының “Аналар” бағдарламасында айтылды.

Жанар Дұғалованың анасы Рая Оразбаева қызы туралы естеліктерін бөлісті. Оның ақкөңіл, ерке қыз болғанын айтып жылап та алды. Жанар бала күнінде әке-шешесі берген ақшасын тамаққа жұмсамай қайыршыларға таратып келеді екен. Бастапқыда анасы бұзық балалар ақшасын ұрып тартып алып жүр деп ойлаған. Тіпті осы мәселенің анық-қанығына жету үшін оны үйінен мектепке дейін аңдуға мәжбүр болған.

“Мектепте мен қаталдау болдым. Өзім мұғалім болған соң балаларымның жақсы оқығанын қаладым. Күнделікті қарны ашып қалмасын деп қалтасына көбірек ақша салып беретінмін. Бірақ кешке сөмкесін көтере алмай әрең келеді. Қарны ашып, тамақ жеген балға мүлдем ұқсамайды. Ақшасын біреу алып қойып жүр ме, қалай жұмсап жүр екен деп сыртынан аңдыдым. Өзі мешіттің жанынан өтетін. Ақшасын алдында отыратын қайыршыларға беріп кетеді екен.

Шетінде отырған бір кісіден “Мына баланы күнде көресіздер ме?” деп сұрадым. Әжей “Өй, ол баланы күнде көреміз. Көрмек түгіл күтеміз осында” деп бір күлдірген еді. Күнделікті қолындағы бар тиын-тебенін сол қайыршыларға береді екен. Содан кейін ақшаны қайыршыларыңа, ал мынау тамағыңа деп екіге бөліп беретін болдық”, – дейді әншінің анасы Рая Оразбаева.

Бұл бала Жанардың жалғыз жомарттығы емес. Ол бір күні бүкіл ауылды тойдырыпты. Жұмыстағы анасын қуантпақ болып тамақ жасап қойғысы келген. Бұрын-соңды тамақ жасап көрмегендіктен, жарты қап картопты түгелдей аршыған.

“Жанар бүгінде тамақты қатырып дайындамайды. Өйткені кішкентайынан тек сабағыңды оқы деп үйреткенбіз. Бір күні пысықсып “Мама, сізге көмектесейін деп ертерек келдім. Бүгін картоп әзірлеп қояйын” деп хабарласты. Мен “Жесек жейік” деп келістім. Келсем қызымның беті айғыз, қолы күйе. Сөйтсем үйде тұрған жарты қап картопты түгелдей аршып тастаған екен. Балаға ұрыса алмайсың. Телефонмен маңайдағы қыз-келіншектердің бәрін шақырдым. Он шақты отбасыға аршылған картопты таратып бердім. Жұрт ертесінде “Жанара, бүгін тағы да картоп аршып қойшы” деп әзілдеген болатын”, – дейді анасы.

2908img39123

Дәл осы сәтте анасы тұңғышына қабақ шытпаса да, бала тәрбиесіне өте қатал болған. Тіпті екі қызына қол көтерген кездері де болыпты. Десе де, Жанар анасына еш ренжімейтінін айтады. Себебі, осы қаталдықтың арқасында көп жетістікке жеткен. Ол өзінің арманы туралы айтып, осы күнге жеткізген анасына алғыс білдірді.

“Менің басты арманым – ана болу. Әкем-анам үнемі “Біз барда тезірек тұрмысқа шығып, сәбилі бол. Балаларыңды аяғынан нық тұрғызуға көмектесейік” деп айтып отырады. Бірақ, балаларымды олардың тәрбиесіне бергім келмейді. Он шақты жыл бұрын еркелікпен, балалықпен анашымды ренжіткен сәттерім көп болды. Қазір анамның жүрегін ауыртпайыншы деп қиыншылықтарымды көп айтпауға тырысамын. Ол айтпасам да сезіп қояды. Күнде жатарда Аллаға осындай әке-шешем мен сіңілімнің барына шүкіршілік етемін. Өйткені осы кісілер мені осы қалпымда қабылдайды. Әрқашан қасымда болатын да осы кісілер. Олар нағыз алтын адамдар десем жаңылмаймын”, – деп Жанар Дұғалова көзіне жас алды.


Жіберіп алмаңыз:

Жанар Дұғалова тарихи роман жазуды қолға алды

Жанар Дұғалованы министрлік берген марапатқа лайық емес дегендер желіде шу көтерді

Дұғалованың орындауындағы “Бұлбұл” әні тыңдармандарын сүйсіндірді (видео)

Баян Есентаева енді Жанарды жақтап сөйледі

Ағасы Жанар Дұғалова туралы мүлде айтқысы келмейтінін жеткізді

Талқылау