Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар адамның қанша жасқа дейін өмір сүре алатынын анықтады

Америкалық ғалымдар адам өмірінің ұзақтығы 115 жылмен шектелген болуы мүмкін екенін айтады.

65697_1

Ғалымдардың пікірінше, кей жағдайларда адам өмірінің ұзақтығы одан да көбірек болуы мүмкін. Бірақ 125 жастағы бір адам табу мүмкіндігінің өзі соншалық үлкен емес. Ол үшін қазір Жер бетінде өмір сүріп жатқан тұрғындар санынан 10 есе артық адамдар керек.

Кей ғалымдар бұл деректер талдауын құптаса, кейбірі «ғылыми жаңалықсымақ» деп, зерттеу жұмысын мойындамады да.

Адам өмірінің орташа ұзақтығы ХІХ ғасырдан бастап ұдайы өсу үстінде. Оған вакцина, босану барысында көрсетілетін медициналық көмек сапасының жақсаруы, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлар ауруларымен күресудегі табыстар себеп.

Десе де медицина саласындағы алдағы табыстар адам өмірінің ұзақтығын шексіз ете ала ма?

Нью-Йорк зерттеушілері Өлім-жітім базасын, сонымен қатар Франция, Жапония, Ұлыбритания мен АҚШ-тағы ұзақ өмір сүрушілер (110 жастан асқандар) арасындағы өлім-жітім жайлы деректерді талдады.

Бұл мәліметтерге сәйкес, 100 жастан асқан адамдардың өмір ұзақтығының артуы бәсеңдеп, о дүниеге аттанған уақыттағы ең үлкен жас 20 жыл көлемінде өзгеріссіз қалған.

«Тарихта алғаш рет адам өмірі ұзақтығының шегі барына көз жеткіздік. Оның шегі – 115 жыл», – дейді Альберт Энштейн атындағы медициналық колледж профессоры Ян Фейг.

Көп жасағандар арасындағы ең кәрі адам

Бірақ ерекше жағдайлар да кездеседі. Жанна Кальман – жасы құжатымен дәлелденген жалғыз көп жасаған адам. 1997 жылы дүниеден озғанда 122 жаста болған.

Ол Парижде Эйфель мұнарасы салынғаннан бұрын дүниеге келген. Және суретші Ван Гоктың көзін көрген.

Бүгінде Жанна Кальман жасына жеткен адам жоқ.

Лондондағы Университеттік колледж профессоры Линда Партридж адам өмірі ұзақтығының шегі бары жөніндегі тұжырымның ойға сыйымды екенін айтады.

«Бұл қызықты зерттеу жұмысы қазіргі уақытта болып жатқан жайларға меңзейді. Дегенмен ол болашақта не боларынан еш хабар бермейді», – деп қосады профессор.

100 жастан асқан адамдар ХІХ ғасырда, жаппай ашаршылық пен індет орын алған дәуірде дүниеге келген. 1980 жылы ғана шешек дертін түбегейлі жеңгеніміз жайлы естен шығармау керек.

«Олардың өмірі мен қазіргі ұрпақ өмірі арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Адам өмірінің орташа ұзақтығы келешекте артық салмақ салдарынан едәуір қысқаруы мүмкін», – дейді профессор Партридж.

«Ғылыми жаңалықсымақ»

Адам өмірі ұзақтығының шегі 115 жас болуы мүмкін екені жайлы тұжырым Макс Планк атындағы қоғамның Демографиялық зерттеу институты профессоры Джеймс Вопельдің ашуын келтірді.

Ол аталған зерттеу жұмысын «ғылыми жаңалықсымақ» деп атап, ертеректе ғалымдар адам өмірінің шегі 65, 85, 105 жас екенін айтып, қателескендерін тілге тиек етті.

«Өкініш тудыратын бұл жағдайда адам өмірінң шегі бар деп білетіндер өз болжамдарына демогрфилық та, статистикалық та талдау жүргізбеген. Оның орнына болжамдарын дәлелдеп, негіздеу үшін шешендікке, қате әдістеме мен әдемі кестеге арқа сүйеген», – дейді ол.

«[Бұл зерттеу жұмысы] біздің қаншалықты ұзақ өмір сүретініміз жөніндегі ілімге еш жаңалық әкелген жоқ», – деп қорытты ғалым.

Қартаюды тоқтату керек пе?

Алайда жақсы жағдайда күтілген жануарларға жүргізілген тәжірибелер өмір ұзақтығының шегі болуы мүмкін екенін растайды.

Иллинойс университетінің профессоры Джей Олшанский тышқандардың, орташа есеппен, 1000 күн, иттердің шамамен 5000 күн өмір сүретінін айтады. Ал адам өмірінің ұзақтығы өзінің табиғи шегіне жақындап келеді екен.

Эволюциялық көзқарас тұрғысынан қарағанда, адамдардың қазіргідей ұзақ өмір сүрмеуі қажет.  Қартаюға байланысты қиындық осында жатыр.

Миллиондаған жылға созылған тіршілік адамзат баласын өмір сүруге, өсіп-өнуге, жастық кезеңінде ұрпақ сүюге үйретті.

Өмір ұзақтығын арттыруға деген кез-келген талпыныс тек аурулармен ғана емес, қартаюмен, яғни адам денесінің әр жасушасында болып жатқан құбылыспен күресті де қамтуы шарт.

Кей ғалымдардың ойынша, ол генетикалық деңгейдегі өзгерістерді қажет етеді.

 

Талқылау