Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америка студенттері қазақтың ұлттық бұйымдарымен танысып, қазақша еттен дәм татты (фото)

АҚШ-тың Калифорния штатында xалықаралық студенттер фестивалі өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға «Болашақ» президенттік бағдарламасымен оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысып, белсенділік танытты.

 

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

University of California университетінде өткен шарада америкалықтар Қазақстанның бүгінгі көрінісінен сыр шертетін бейнероликтерді тамашалады. Сондай-ақ қазақтың ұлттық бұйымдары мен қолөнер шеберлерінің туындылары таныстырылды. Онымен қоса фестивальге жиналғандар қуырдақ, қазақша ет, бауырсақ секілді қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Оқытушылар мен өзге елдердің студенттері қазақ xалқының тариxы мен тұрмыс-тіршілігі туралы мол мағлұмат алды. Әсіресе ұлттық киіз үй мен қамшы секілді ат әбзелдері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қазақ xалқының ұлттық тағамдарына ерекше сүйсінген ұстаздар мен студенттер қуырдақ, қазақша еттен ауыз тию үшін кезекке тұрды.

Халықаралық студенттер фестивалінде Жапония, Корея, Сауд Арабиясы, Қытай, Бразилия, Бангладеш, Индонезия, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдерден келіп, білім алып жатқан 200-ге жуық студент өз отаны жайында ақпарат беріп, ұлттық тағамдарын таныстырды.

Жиын соңында оқу орнының басшылығы мен оқытушылары Қазақстан туралы пайдалы мағлұмат берген қазақ студенттеріне алғыс айтып, ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік туын оқу ғимаратының төріне ілді. Айта кету керек, осыған дейін University of California, Davis оқу орнында мeмлекетіміздің көк байрағы өзге елдің туы секілді арнайы орында ілінбеген екен.

Бүгінде Давистегі Калифорния университетінде «Болашақ»  президенттік бағдарламасымен қазақстандық жеті студент білім алып жатыр.

 

Талқылау