Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық жігіт діни әндер тыңдағаны үшін алты жылға сотталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) жеті ай бұрын қамауға алған алматылық Шухрат Кибиров 6 жыл 8 айға сотталды. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде араб тілінде нашид (діни ән) «тыңдаған» Алматы тұрғынына «терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айып тағылған. Кибиров те, оның адвокаты да үкіммен келіспейді.

Үкімді оқыған Алмалы аудандық қылмыстық істер сотының судьясы Бейнекүл Кайсина «6 жыл 8 айға жалпы режимдегі абақтыға қамалсын. Сот оның жазасын жеңілдетілетін негіздерді таппады» деп мәлімдеді. Прокурор Шухрат Кибировтің мүлкін тәркілеп, 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын, деп жазады Азаттық. 

Кибировті айыптауға себеп ретінде тергеушілер 2014 жылы «Вконтакте» желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт жариялаған араб және шешен тіліндегі төрт діни әннің (нашидтердің – ред.) аудиожазбасын алған. Прокурор Арман Оразбақов «желіге «Алим Ахметов» деген логинмен Кибиров тіркелгенін, бұл үшін ол өзінің мобильдік телефонын пайдаланғанын» мәлімдеген. Ал адвокат «Кибиров араб тіліндегі әуенді аударып, қазақ не орыс тілінде жарияламады, араб тілі қоғам қолданатын тіл емес, сондықтан айыпталушы терроризмді насихаттаған жоқ» деген позиция ұстанған. Алайда сот қарашаның 27-сі күні Кибировті айыпты деп таныды.

Шухрат Кибиров өзіне тағылған айыптарды мүлде мойындамайды. Ол сотта айтқан соңғы сөзінде «Менің кінәм не? Ән үшін түрмеге қамады. Бұл – тек маған ғана емес, қоғамға берілген дабыл» деді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов те сот үкімімен келіспейді. Ол Шухрат Кибировтің діни әндердің мазмұнына жасалған сараптама негізінде сотталғанын, ал сот тергеуі бойы жасаған өзінің өтініштерінің, ұсынған дәлелдерінің бірде-бірі қабылданбағанын айтады.

“Терроризмді насихаттады” деп айыпталған Шухрат Кибировтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 26 қыркүйек 2017 жыл. (Азаттық видеосынан алынған скриншот)

– Ержан Ескендіров есімді куә сот процесінде өзінің «Вконтактідегі» «Алим Ахметов» Кибировтің аккаунты, мен онымен осы әлеуметтік желіде жеке хабарлама жазыстым» деген сөзінен айнып, ол сөзді өзіне қысым жасалғандықтан айтқанын баяндаған еді. Келесі сот процесіне келгенде ол өзін ұлттық қауіпсіздік қызметкері алып келгенін, алдыңғы айтқан сөзінен бас тартатынын айтты. Прокурор мұның бәрін естіп отырса да аузын ашпады, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Ол сот тергеуінің барысында айыпқа негіз болған араб әндерін Кибировтің жүктегені де, «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» аккаунтының айыпталушыға тиесілі екендігі де «дәлелденбегенін» айтты.

– Егер сотта «араб әндері терроризмді насихаттайды» деп нақтыланған болса, судья енді Қазақстанда араб әндерін тыңдауға тыйым салу туралы шешім шығаруы керек, – дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат сот үкімі қолға тиісімен апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ал Кибировтің туысқандары оны «жазықсыз сотталды» деп біледі.

32 жастағы Шухрат Кибировты 2017 жылы сәуірде қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) өкілдері қамауға алған. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (терроризмді жария түрде насихаттау) айып тағылған.

ҰҚК тергеушісі Кибировке қарсы «Нұр Мүбәрак» университеті студенттерінің бірінен «Алим Ахметов» деген қолданушының «Вконтакте» желісінде терроризмді насихаттайтын нашидтер жариялағаны туралы арыз түскенін» хабарлаған. Бұған дейінгі сот отырысында адвокат Кибировті айыптауға себеп болған діни әндерді тергеушілердің орыс тіліне аудартқанын айтқан болатын. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы уағыз-насихат бөлімі басшысы Ершат Оңғаров нашидтер туралы «Діни өлеңдер. Аллаға деген мінәжат, пайғамбарға мадақ ретінде айтылатын арабтардың діни өлеңдері. Оны экстермистік бағыттағы роликтерге де қолданады» деген еді.

Қазақстанда қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) сотталған ондаған, кей мәліметтерде жүздеген адам қамауда отыр. Кей заңгерлер сотталушылардың кейбірін жазықсыз санайды.

Тағы да оқыңыз:

Елімізде бірнеше лауазымды қызмет басшылары ауысты

ОҚО-да 6 жастағы ұлын аяусыз сабап тастаған әйел қамауға алынды

Науқастар еденде жатыр: Ақтау тұрғыны емхананың жай-күйін айтып шағымданды

Талқылау