Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық белсенді қала әкіміне қоластындағылардың жалған ақпарат беретінін айтты

Бауыржан Байбекке бұрыс ақпарат беріледі. Бүгін қала әкімінің халықпен есептік кездесуінде Тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы шаһар басшысының кей сөздері шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды КТК. 

Әкім жол жүру ақысын қымбаттауды сұрап жүргендерге шүйлігіп отыр. Сонымен қатар, енді әкімдік аулалардағы кезінде өздері алып тастаған шлагбаумды қайта қоюға рұқсат берілетін айтты.

Алматыдағы республика сарайында бүгін аншлаг. Құдды халық атақты әншінің концертіне жиналғандай. Бауыржан Байбектің  баяндамасын тыңдауға келгендерден бөлек, ішке кіре алмай қалғандар көп.Таңдағы жиынға жиналғандардың арасында Баян Алагөзовадан бастап, басқа да өнер өкілдері өріп жүр. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та арнайы келген. Байбек әдеттегідей экономикалық түсімде алдына жан салмайтын Алматының жетістіктерін жіпке тізді. Қай салада болмасын серпін барын айтады. Бірақ, қаланың ақсаған тұстары да жоқ емес. Мәселен, 80 теңгелік жол жүру ақысы тұрғындардың оң жамбасына келгенмен, тасымалдаушылар қауымдастығы соның кесірінен соңғы бес жылдан бері қып-қызыл шығынға батқандарына қанша рет шағымданды.

Байбек бұл базыналарын жөнсіз дегенмен, тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Сәбит Аманбаев әкімге тура ақпарат жетпейтінін, жағдайды толық білмейтінін жайып салды.

“Сіз айтқаныңыздың бәрі енді шындыққа сәйкес емес. Біздің тасымалдаушылардың да еңбегі зор. Жан салып жұмыс жасап жатыр. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз”, – деді әкім.

“Сын айтылса, оны бірінші халыққа түсіндіріңіз. Нақты айту керек. Жай сөзбен емес”, – дейді белсенді.

Байбек сапа бір соқпаққа түспейінше, бағаны ешкім де көтермейтінін қадап айтты. Сонымен қатар, жауыр болған көлік тұрағы мәселесі қайтадан көтерілді.

Осыған дейін аулаларда шлагбаум қоюға болмайды деп, оларды болмай алдырған әкімдік енді қайтадан қоюға рұқсат беретін болды. Өйткені, ақылы тұрақтан қашқандар үйлердің жанын сағалайды екен. Бір қызығы кезінде шлагбаумдардың көзін құртқанда өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметінің көліктері кіре алмай қалады уәж келтірген. Енді қайта қоюға рұқсат берулерін де дәл осы уәжбен байланыстырады.

Миллионды мегаполистің шешілмей жатқан проблемалары көп екені бәріне белгілі. Бірақ, түйіткілді тақырыптар неге екені қаузалмады. Мәселен, наурыздың басында жер асты жолынан қуыламыз деп зар илеген жеті жүзден астам саудагерлерді залдан көре алмадық. Қойылған сұрақтар «үй жанындағы ойын клубтарына қадағалау күшейме ме», «аялдамамыз жөнделмей меден» ары аспады.

Тағы да оқыңыз:

Ескерту: Алдағы күндері елімізде қар жауып, боран соғады

Дін істері министрі мешіт салуды сәнге айналдырғандарды сынға алды

Ақтауда 21 тұтқынға тосқауыл болған күзетшінің ерлігі жайлы фильм түсірілді

Талқылау