Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы супермаркетте көз жұмған әйел: Жақындары сауда үйінің иелері кешірім сұрамады деп ашулы

Алматыдағы супермаркеттердің бірінде тірідей өртенген келіншектің жақындары шындық іздеп шырылдап жүр. Өйткені, жұмыс орындағы пеш атылып, 48 сағат бойы дүкенді күзеткен әйелдің денесі күйіп қалған. Бір апта комада жатып, ақыры көз жұмыпты. Алайда, қаралы отбасы әлі күнге дейін тергеу амалдары жүргізілмей, аты дардай сауда үйінің қожайындары алдымыздан өтпеді деп ашулы.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

“Бұрынғыдай емес үйдің іші. Суық. Бәрі есіңе түседі. Ана бұрышта папам отырады. Сестренкам отырады бір бұрышта”, – дейді қызы.

Айжан Нағашыбаеваның суық үйін жылытар шешесінен айырылғанына бүгін тура екі ай болды. 24 желтоқсан күні анасымен соңғы рет тілдесіп дауысын естіген. Сауда орталығында күзетші болып істейтін әйелдің әріптесі басшыларынан сұранып, екінші тәулік жұмыста қалатынын қызына айтыпты. Бірақ, 48 сағат аяғынан тік тұрып қарауылдаған келіншек шаршаса керек, өз бөлмесіне кіріп, отыра бергенінде-ақ қосулы тұрған пеш кенеттен атылған.

“Жедел жәрдем  жарты сағаттан кейін барған. Жарты сағат қарға аунатып солай өшірген. Ұрып есін жиғызып отырған. Арқасынан қағып. Одан кейін бір апта жүрегі соқты. Бізге тіл қатпады. Көзін ашып та қарамады маған”, – дейді қызы Айжан Нағашыбаева.

Комада бір апта жатқан Майра Адаеваның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер өміріне араша бола алмайтынын бірден ескертіпті. Әуелгіде супермаркет басшылары мен күзет мекемесі бәрін жылы жаппақ болып, жерлеу рәсімдеріне көмектескенін айтады. Бірақ, қайғыдан қан жұтқан туғандары полицейлерге арыз жазыпты. Егер бөлме жылы болса пештің қажеті де болмас еді, дейді. Оның үстіне, майы ағып, жиі бұзылатынын білген.

“Олар айтады Арзан дейді. Арзан айтады күзет агенттігі дейді. Мамаңды солар алды жұмысқа солар жауап берсін дейді. Ол жылытқыштың қайдан келгенін біз білмейміз дейді. Мен апарып берген жоқпын мысалы”, – дейді қызы.

Небәрі 45 жасында өмірі қиылған әйелдің артында үш бірдей баласы қалды. Ең кішісі кәмелет жасқа да толмаған. Енді үкімет оған 20 мың теңгелік жәрдем ақы тағайындапты. Сонда анамның өмірінің құны осы ма деп налиды Айжан. Ал, тергеушілер мүлдем хабарсыз екен. Тіпті, сауда орталығындағы қызметкерлерден де сұрақ-жауап алынбаған, дейді. Бүгін супермаркетте Күзет фирмасының басшылары тайлы тұяғымен жүр. Алайда жауап беруге екі тарап та құлықсыз.

Ал, қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

“Аталмыш дерек ҚК 156 бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда Бостандық аудандық полция бөлімінде. Бұл іс тергелу үстінде”, – дедйі қалалық полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір полицейлер де сараптама құжаттарын күтіп отыр екен. Ал, еңбек инспекциясы құрылған комиссия өз жұмысын аяқтағанын айтады. Бұл қайғылы оқиға өндірісттік апатқа тікелей байланысты деп отыр. Енді күзет фирмасы марқұмның туыстарына өтемақы төлеуге міндеттеледі екен. Ал, Айжан материалдық төлемнен бұрын анасының өліміне кінәлілер өз жазасын алса дейді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау