Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы атыста жараланып ауруханада көз жұмған полицей туған жеріне жерленді

Алматыдағы атыс кезінде ауыр жарақат алғаннан кейін жарты ай бойы ес-түссіз жатып қайтыс болған полицей Мейрамбек Рахматуллаев туған жері Қазығұрт ауданында жерленді. Үйленгеніне апта толмастан Алматыдағы жұмысына аттанған ол тағы 20 күн өтпей жатып мырыш табытпен Оңтүстік Қазақстанға жеткізілді. Қызметтік борышын өтеп жүріп, бақилық болған Мейрамбекті ақтық сапарға туыс, дос жарандарымен бірге Оңтүстік пен Алматы басшылары да келді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

ее

Қатарластарының алды, ауылдың мақтанышы атанып, көптің батасын алып жүрген Мейрамбекпен туыстары қоштасып жатыр. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқанына енді айдан асқан ол шілденің 10-ы күні ғана шаңырақ көтерген екен. Үш күннен соң Алматыдағы жұмысына кеткен еді. Артынша ауыр жараланғанын естіген туыстарына тағы екі жұмадан соң қаралы хабар жетті.

“Осы биыл ғана бітіріп еді Ақтөбедегі оқу орнын. Жақында үйлендіріп едім. Үйлендіріп, 13-і күні үйден шығып, жұмысына барған. 4 күннен кейін осындай жағдайға ұшырап қалды”, – деді марқұмның әкесі Нұрділдә Танағұлов.

Шілденің 18-і күні Алматыда Руслан Күлекбаев қарулы шабуыл жасаған кезде Мейрамбек Рахматуллаев ішкі істер бөлімінде кезекшілікте тұрған. Баса-көктеп кірген бұзақыны тоқтатпақ болған кезінде Күлекбаев полицейге қолындағы қарумен оқ атқан. 24 жастағы жігіт содан бері ес-түссіз жатып, мерт болды. Енді лаңкестің шабуылынан қаза тапқандардың саны 8 адамға жетіп отыр. Арасында лейтенант Мейрамбек Рахматуллаев та бар.

“Ол Алмалы ауданының қабылдау-өткізу пунктінде күзетіп тұрған еді. Сол кезде басынан бір оқ тиген. Ауруханада 14 күндей жатып, 1-і күні түнгі сағат 2-лерде дүниеден өтті”, – деді полиция капитаны Мұхит Сыдықов.

Мейрамбек Рахматуллаев еңбек жолын Алматы қаласындағы Алмалы ауданында учаскелік инспектор болып бастаған. Артында әпкесі мен інісі және аяғы ауыр жары Әйгерім қалды. Мейрамбектің денесі өзі туып өскен Қарабастау ауылына қойылды. Ал, көңіл айтып келген Алматылық шенеуніктер марқұмның отбасына 15 миллион теңге көлемінде көмек көрсетсе, облыстық бюджет тағы 5 миллион теңге беретін болды. Енді қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмған боздақты мемлекеттік наградаға ұсыну туралы да мәселе қарастырылатын болады.

Еске сала кетсек, 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Нәтижесінде 6 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді. Ал ұсталған күдікті бұрын сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен.

Тергеу барысында күдікті әдейі полицейлерді ғана таңдағанын, бейбіт тұрғындарға оқ атпағанын айтқан. Ол бұл әрекетке құқық қорғау органдарынан кек алу үшін барыпты.

Талқылау